Таулы Бадахшанның жүздеген тұрғыны Еуропаға қашуға мәжбүр болды

Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы мамыр оқиғаларынан соң осы өңірдің ондаған тұрғыны Еуропа елдеріне қоныс аударды.

Озоди радиосымен сөйлескен бадахшандықтар аты-жөнін атамауын өтінді, өйткені билік олардың Тәжікстандағы туыстарына қысым көрсетуі мүмкін.

Хорог қаласының 30 жастағы тұрғыны Нүриддин үш айдан бері Гамбургте тұрып жатыр. Ол былтыр Хорогта қарашадағы ереуілдерге қатысқан, бірнеше айдан соң Ресейге, әрі қарай Еуропаға өтуге мәжбүр болған. «Ереуілге қатысқандарды қудалайды деп ешкім ойламады, бірақ жағдай тым шиеленісіп кетті. Қаңтар айында Ресейде Амриддин Аловатшоевті ұстап әкеткен соң, мен мұнда қалу қауіпті екенін түсіндім, Еуропаға өткен дұрыс деп шештім», — дейді Нүриддин.

Ол Еуропаға Беларусь арқылы өткен, енді босқын мәртебесін алуды көздеп отыр. «Құқық қорғау органдарының қызметкерлері ата-анама хабарласқан, бірақ ресми шақырту жолдамаған. Тізімде барсың дейді, бірақ неміс билігіне оны дәлелдеу оңай емес», — деп ойлайды Хорог тұрғыны.

Хорог қаласында 2021 жылғы қарашадағы ереуіл мен биыл мамырда Рушан ауданындағы оқиғалардан соң Таулы Бадахшанның шетелде жүрген тұрғындарын да қудалау күшейді. Аймақта да қудалау жүріп жатыр. Ресми емес мәліметтер бойынша, кейінгі бірнеше айда 200-ден астам адам ұсталған. Олардың арасында шетелдегі диаспоралардың белсенділері де бар.

Тәжікстаннан Еуропа елдеріне көшу 2015 жылы артты. Сол жылы тәжік билігі Тәжікстан ислам өркендеу партиясына тыйым салып, оның мүшелерін қудалай бастаған. 2016 жылы 3210 мың тәжік өзге елдерден баспана сұраған.

Еуростат мәліметінше, 2016-2020 жылдар аралығында тәжік босқындарының дені Германияны паналауға мәжбүр болған. Тәжік босқындары осы елде баспана беру туралы 12229 өтініш түсірсе, Австрияда – 1387, Польшада – 931, Швецияда — 727, Литвада – 491 арыз өткізген.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий