11 ақпанда кешке Теміртауда Қарағанды ГРЭС-1 (КарГРЭС-1) электр станциясына иелік ететін жеке компанияның күлден жасаған бөгетін су жырып әкетті. Куәгерлер жариялаған видеодан Нұра өзенінен күл аралас лас судың ағып жатқаны көрінеді.
Видео авторы өзеннен бөтелкемен су алып, лас екенін көрсетеді. Өзен арнасының жақында ғана тазаланғанын да айтып өтеді.
11 ақпан түнге қарай билік пен кәсіпорын басшылығы оқиғаға байланысты түсініктеме берді. Оқиға орнына Қарағанды облыстық экология департаменті, басейн инспекциясы, төтенше жағдай басқармасы және Теміртау шенеуніктері барған.
— Сараптамалық бақылау зертханасының бөлім мамандары судан сынақ үлгісін алып, судың ластану деңгейін, ластаушы заттарды анықтайды. Bassel Group компаниясында жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіледі, тексеру нәтижесіне қарай компанияға қатысты шара қолданылады, — деді Қарағанды облыстық экология департаменті төрағасының орынбасары Әлібек Бекмұхаметов.
Күлден бөгет жасаған Bassel Group компаниясы су жырып өткенін растап, жырықты бітеу үшін арнайы мамандар шақыртылғанын хабарлады. Су жүзгіштер 12 ақпанда таңертең жұмысқа кіріскен.
— Айналып барып тексерген кезде күл қоспасының жырылғаны байқалды. Қар мен мұз қысымына шыдай алмай ескі құдықтың қабырғалары шытынаған. Шибер ысырмасы жабылды. Алдағы уақытта қайталанбайды деп ойлаймыз, — деді компания директорының орынбасары Максим Абрамов.
Тәуелсіз эколог Дмитрий Калмыков Азаттық тілшісіне оқиғаның судағы балықтарға зиян келтіруі мүмкін екенін, бірақ адамдарға аса қауіпті емес екенін айтты.
1942 жылы іске қосылған Қарағанды ГРЭС-1 — Қазақстандағы ең ескі электр станцияларының бірі. 2005 жылы желтоқсан айында оны Bassel Group сатып алған. Станция Теміртау қаласындағы кәсіпорындарды электр энергиямен және қаланың ескі бөлігін жылумен қамтамасыз етеді.