«Титаник» батқан аймақта туристер мінген суасты қайығы жоғалды

Дүйсенбі күні Атлант мұхитында суға батқан «Титаник» кемесінің бөлшектерін көруге барған туристер мінген суасты қайығы байланысқа шықпай қалды.

Қазір суасты қайығы тиесілі Oceangate Expeditions компаниясы іздеу операциясын бастап кетті. Кемеде қанша турист болды, нақты ақпарат әзірге жоқ.

Шағын «Титан» кемесі жеке туристерге арналған. Оған бес адам сыйады: капитан, гид және үш турист. Әдетте экспедиция сегіз күнге созылады. «Титаник» кемесі апатқа ұшыраған аймаққа келгенде, олар суасты қайығына отырады. Мұхит түбіне түсу сегіз сағатқа созылады. Бір турдың құны 250 мың доллар тұрады.

Oceangate Expeditions компаниясының хабарлауынша, суасты қайығында апатты жағдай болған күнде ішінде 96 сағатқа дейін адамдарға оттегі беретін аппарат бар.

«Титаник» Атлант мұхитында Канаданың Ньюфаундленд түбегіне 600 шақырым қашықтықта, 3800 метр тереңдікте жатыр.

Трансатлантикалық «Титаник» кемесі 1912 жылы салынған ең үлкен, қымбат кеме болған. Ол Саутгемптоннан Нью-Йоркке бара жатқан жолда, айсбергке соқтығысып, суға батқан. «Титаник» кемесінде 2200 жолаушы мен экипаж мүшелері болған. 1500-ден астам адам қайтыс болған. Кеменің бөлшектері 1985 жылы табылды. Содан бері бұл жерге туристер тартылады.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий