Әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жастан аспайтын болды. Бұл жөнінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған заңда көрсетілген.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар сасяаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы бойынша әйелдер 2028 жылға дейін зейнетке 61 жаста шығады.
Мұнан өзге бала күтімі үшін белгіленген мерзім 1,5 жылға дейін ұзарады және зейнетақының ең төменгі базалық бөлігін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін, ең жоғары базалық бөлігін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 120 пайызына дейін біртіндеп көтеру қарастырылған.
Мұндай өзгерістер болатыны жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қыркүйектегі жолдауында айтқан.
Биыл Қазақстанның түрлі қалаларында әйелдердің зейнет жасын көтермеу, 58 жасқа түсіру туралы талап қойған митингілер өткен.
Қазіргі қолданыстағы заңда әйелдердің зейнет жасын біртіндеп көтеріп, ерлермен қатар 63 жасқа жеткізу көзделген.