Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 желтоқсанда өлім жазасын жою мәселелері бойынша заңнамаға енгізілетін түзетулерге қол қойды. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады.
Оған сәйкес, өлім жазасы Қылмыстық кодекстегі 17 баптан алынады. Осыған дейін өлім жазасы терроризм, мемлекетке сатқындық жасау және соғыс кезіндегі ауыр қылмыстарға қолданылып келген. Қылмыстық кодексте бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өміріне қастандық жасағандарға да өлім жазасы қарастырылған еді.
Бастапқыда Қылмыстық кодекстің 13 бабынан өлім жазасын алып, төртеуінде қалдыру жоспарланды. Тоқаев өткен айда Брюссельге сапары қарсаңында «өлім жазасын тұтас алып тастау қажеттігін» мәлімдеген. 8 желтоқсанда мәжіліс президент ұсынған нұсқаны мақұлдаған.
Былтыр қыркүйек айында Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативті хаттамасына қосылуы жайлы түсініктеме берген президент Тоқаев оған байланысты «Конституцияға өзгеріс енгізу қажет емес» деп айтқан. Қазақстан Конституцясында өлім жазасы әскери қылмыстарға қоса террорлық қылмыс жасағандарға да қолданылатыны көрсетілген. Ал халықаралық хаттамада ондай ескертпе жасауға болмайды деген талап бар.
Сәрсенбі күні Тоқаев сонымен бірге Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметіне қатысты заңнамаға түзетулерді қарастыратын заңға қол қойған. Оған сәйкес, елде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл тиіспеушілік мәртебесіне ие болады.
Президент сонымен бірге көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері туралы заңнамаға өзгеріс енгізуді қарастыратын құжаттарға қол қойған. Көрнекі ақпарат туралы заңға сәйкес, жарнама тақталары, баннер, меню, нұсқаулық және өзге де көрнекі ақпараттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Қажет жағдайда орыс, ағылшын және өзге тілдерге аударылуы мүмкін.