Тоқаев Конституцияға түзетулер енгізу бойынша референдум өткізуді ұсынды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға түзетулер енгізу бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынды.

– Конституцияға түзетулер енгізуді парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі. Алайда алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын, – деді жұма күні Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында.

Ол референдумды «маңызды демократиялық институт» деп атап, Қазақстанда «соңғы рет референдум 1995 жылы қазіргі Конституция бекітілген кезде өткенін» еске салды. Конституцияға содан бері «төрт рет түзету енгізілсе де», референдум әдісі қолданылмағанын атап өтті. «Референдум әрбір азаматқа ел тағдырын анықтау ісіне қатысуға мүмкіндік береді» деген Тоқаев бұл елдің «демократияға бағыт алуына» ықпал етеді деді.

Ал кей сарапшылар мұндай референдумның нәтижесін алдын ала болжауға болады деп санайды. Саясаттанушы Димаш Әлжанов Телеграм-арнасында «Орталық сайлау комиссиясы мен әкімшілік ресурс толық бақылауда болса, референдум бұған дейінгі сайлаулардағыдай нәтиже береді» деп жазды.

Жалпы алғанда 33 бапқа 56 толықтыру енгізу жоспарланып отыр. 25 сәуірде Конституцияға түзетулер енгізумен айналысып жатқан жұмыс тобы өздері дайындаған өзгертулерді жариялаған. Бұл өзгертулерде 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қайта құру; президентке саяси партияларға мүше болуға, ал оның жақындары мен туыстарына саяси және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу; парламент жұмысы мен сайлау жүйесін өзгерту мәселелері қамтылған.

Арасында бірінші президентке «тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы» мәртебесін беру туралы ұсыныс та бар. Бұл ұсыныс қоғамда сынға қалып, халық тарапынан қарсылыққа ұшыраған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий