Тоқаев «Заңсыз активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 12 шілдеде «Заңсыз активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл заңды мәжіліс 14 маусымда, сенат 29 маусымда қабылдаған еді. Сарапшылар мен белсенділер бұл заңда кемшілік көп деп сынап, «ақша ұрлауға мүмкіндік қалдырады» деген.

Құжатқа сәйкес, заңсыз активі бар болуы мүмкін деген жеке және заңды тұлғаларды уәкілетті орган алдымен күдіктілер тізіміне енгізеді. Тізім аноним түрде жасалады. Яғни оған кім енгені құпия болады. Тізімге шамамен 45 миллиард теңгеге тең не одан асатын активі бар адамдар ғана енеді.

Elge Qaitaru қоры «құжат мемлекетті тонағандарға жауаптан жалтаруға мүмкіндік береді, тіпті заңсыз алған активтерін заңдастыруға жағдай жасауы мүмкін» деген қауіп айтқан. Мысалы, олар заң жобасындағы «активтерді өз еркімен тапсыру» туралы норманы алып тастау керек, «активтерді өз еркімен тапсыру туралы норма амнистиямен пара-пар» деген еді кейбір белсенділер.

Бұған дейін бас прокуратура Қазақстанға 760 млрд теңге актив қайтарылғанын хабарлаған. Қай елден және кімнің активі қайтарылғаны туралы ақпарат ашық жарияланбады. Биыл сәуір айында Transparency Kazakhstan қорының сарапшылары мәлімдемесінде Қазақстанда елден заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару процесі ашық жүргізілмей отырғанын, процесс құпияланғанын жазған. Қордың сарапшылары активтерді қайтару процесі құпия бола берсе, олигархтар мен шикізат алпауыттары арасында «тиісуге болмайтын» адамдардың тізімі жасалуы мүмкін, «заңмен құқығы мүлде шектелмеген» көлеңкелі топтар пайда болуы ықтимал деген қауіп айтқан.

Ал билік бұл заңның мақсаты «заңсыз активтерді мемлекетке қайтару, активтерді ерікті түрде қайтаруға ынталандыру, активтерді заңсыз иемденуге ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою арқылы қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру» деп түсіндіреді.

Tax justice network дерегінше, кейінгі 25 жылда Қазақстаннан шетелдегі офшорларға 140-160 млр доллар шығарылған. Кейбір сарапшылар елден шығарылған қаржы бұдан да көп болуы мүмкін деп санайды.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий