Трампқа 30 түрлі қылмыстық айып тағылды

Манхэттенның алқа билері АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампты айыптау қорытындысын бекітті. Бұл туралы америкалық басылымдар жазды, мәліметті кейін прокуратура растады.

АҚШ тарихында алғаш рет Құрама Штаттардың бұрынғы немесе қазіргі президентіне қылмыстық айыптар тағылып отыр.

Манхэттен аймақтық прокуроры Эвин Брэгг кеңсесіндегілер айыптау қорытындысын прокуратураға тапсыру үшін Трамп адвокаттарымен хабарласқанын мәлімдеді. АҚШ-тың бұрынғы президенті айыптау қорытындысын алуға 4 сәуірде келуі мүмкін. Бұл туралы The New York Times экс-президенттің адвокаты Сюзан Нечелеске сілтеме жасай отырып хабарлады.

Бұрынғы президент ұсталған соң оның қолына кісен салынып, саусақ іздері алынып, күдікті ретінде суретке түсіруі мүмкін. Одан соң қылмыстық іске қатысты алғашқы тыңдау өтеді.

Трамптың өзі тағылған айыптарды «саяси қудалау, сайлауға араласу» деп атаған.

Айыптау қорытындысының жай-жапсары Дональд Трамп сотқа келіп, оған ресми түрде айып тағылғаннан кейін жарияланады. CNN дереккөздерінің айтуынша, Трампқа алаяқтық қылмысына қатысты 30-дан аса айып тағылуы мүмкін.

Солардың бірі порноактриса Сторми Дэниэлске қатысы бар. Ол Трамппен жүргенін, экс-президент оны жасыру үшін 130 мың доллар төлегенін айтқан. Трамптың өзі бұны жоққа шығарып отыр. Іс материалдарына сәйкес, Трамп Дэниелске төленген ақшаны заң қызметі үшін төлем деп көрсетіп, сол арқылы салық құжаттарын бұрмалаған.

2022 жылғы қарашада Дональд Трамп 2024 жылы өтетін сайлауға Республика партиясы атынан түскісі келетінін жариялады. Тағылған айыптар оған сайлау қарсаңында науқан жүргізуге кедергі болмауы керек.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий