АҚШ президенті Дональд Трамп 6 ақпанда АҚШ әскері «Арабия түбегіндегі Әл-Қаида» экстремистік тобының жетекшісі Касим әл-Раймиді өлтірді деп мәлімдеді. Президенттің айтуынша, содырлар жетекшісі Йеменде терроризмге қарсы операция барысында өлтірілген.
«Енді бұдан былай қарай осы аймақта ошақтары бар «Әл-Қаида» террористік тобы әлсірейді» деді Трамп 6 ақпанда таратқан мәлімдемесінде. Ол Раймидің нақты қашан өлтірілгенін айтқан жоқ.
«Арабия түбегіндегі Әл-Қаида» тобы Раймидің жетекшілік етуімен бейбіт йемендіктерге адам айтқысыз қатыгездік көрсетті және АҚШ әскеріне көп шабуыл жасауға тырысты» деді Трамп.
2015 жылы америкалық әскери ұшқышсыз аппараттың шабуылынан «Арабия түбегіндегі Әл-Қаида» тобының сол кездегі командирі Насир әл-Вухайши қаза тапқан. Кейінірек оның орнын Райми басты. Топ жетекшісі ретінде тағайындалған Райми АҚШ-қа шабуыл жасауға шақырды.
«Америкалықтар, арамыздағы адамдарды неғұрлым көбірек өлтірген сайын соғұрлым екпінімізді күшейтеміз. Егер бір топ жетекшісі өлсе, оның орнына басқа біреу келеді» деді Райми сол кезде таратқан аудиожазбада.