Тәжікстанда жемқорлық әдеттегі көрініске айналды. Бұл туралы Transparency International халықаралық ұйымының 2022 жылдағы әлемдегі жемқорлық деңгейін анықтаған кезекті баяндамасында жазылған.
«Тәжікстан билігі жемқорлықты жою үшін қажетті реформаларды жүргізбей келеді. Елдің сот органдары мен құқық қорғау құрылымдарының ісі жабық күйінде қалып жатыр», — деп жазылған баяндамада.
Ұйымның Орталық Азия бойынша кеңесшісі Алтынай Мырзабекова 2022 жылы құрылған жемқорлық индексінде Тәжікстан 150-орында қалып, Ауғанстан, Камбоджа, Оңтүстік Африка республикасы, Гватемала, Ливан және Нигерия секілді елдермен қатар жайғасқанын жеткізді. Оның сөзінше, соңғы жылдары Тәжікстанда авторитаризм күшейіп жатыр.
«Тәжікстанда жемқорлық тереңдеп кеткен. Мұны сот және құқық қорғау органдары, мемлекеттік органдары жұмысының ашық емес екені, қоғам алдында олардың жауапкершілігі жоқ екені көрсетіп тұрады», — деді Мырзабекова.
Тәжік билігі Transparency International ұйымының кезекті баяндамасына қатысты пікір білдірмеді.