Көрнекі фото: allWomens
Өзінің туған әпкесінің күйеуін өзге арудың құшағында көрген алматылық бойжеткен еркектерге сене алмайтын халге жетіп, тұрмысқа шықпауға бекінген деп хабарлайды NUR.KZ.
Динара бұған дейін өзінің әпкесінің отбасын берекелі, бақытты отбасы деп санап келген. Жездесінің әпкесіне деген ілтипаты, балаларына деген қамқорлығына ол қатты қызыға қарайтын. Тіпті әкесінен де ондай мейірімді көрмеген ол болашақ жарының дәл жездесіндей болғанын армандағанын айтады.
Алайда оның жездесі туралы ойы бір-ақ күнде күл талқан болған. Әпкесінің иық тірер азаматын ол өзге қыздың құшағында көріп, өмірден түңіліп кеткенін айтты.
«Бұл жайт туралы ешкімге тіс жармадым. Бірақ бұдан бірер апта бұрын сүйікті жездемді таныс қыздардың бірімен мейрамханада отырғанын көріп, жағамды ұстадым. Тынысым тарылып кетті. Біз сол күні құрбыларыммен мейрамханада бас қостық. Ойымызда түк жоқ, әңгіме дүкен құрып отырдық.
Бір кезде біздің танысымыз қоңырау шалып, өзінің жігітімен келетінін айтты. Біз жарайды деп келістік. Бірақ оның жігітім деп жүрген отбасылы еркек менің туған жездем екені үш ұйықтасам түсіме кірмеген еді. Екеуі кіріп, қарсы алдыма жайғасқанда, құлап қала жаздадым», — деп әңгімеледі Динара.
«Мені көріп жездем де қатты састы, сөйлей алмай қалды. Тап сол жерде оған елдің көзінше айғайлап тастадым. Бәрін жайып салатынын айттым да шығып кеттім», — дейді ол.
Дегенмен ол бар шындықты әпкесіне қалай айтарын білмеген. Жездесі де артынан қалмай, екі баласы үшін бәрін кешіруді сұрапты. Алайда жездесін кешіре алмаған бойжеткен бүгінде не істерін білмей жүргенін айтты.
«Бұл сорақылықтан соң мен тұрмысқа шықпауға бекіндім. Еркектерге сенуге болмайды екен. Оның көңілдесі болған қызын жақсы танимын. Ол жеңіл жүріске әуес қыз. Сондықтан одан бойымда аулақ салатынмын. Жездем сол қыздың құрығына түскен екен. Енді одан да оңай құтыла алмайды», — деген ол әпкесінің шаңырағының шайқалғанын қаламайтынын айтты.