Twitter-дің бұрынғы қызметкері Сауд Арабиясы мүддесі үшін тыңшылық жасады деп сотталды

Сан-Франциско соты Twitter желісінің бұрынғы қызметкері Ахмад Абуаммоны Сауд Арабиясы мүддесі үшін тыңшылық жасады деген айыппен үш жарым жылға соттады. Мемлекеттік айыптаушы оған жеті жыл түрме жазасын сұраған деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Абуаммо Twitter-де 2013–2015 жылдары жұмыс істеген. Тергеу мәліметінше, ол саудиялық диссиденттерді аңдып, олардың жеке мәліметтерін Сауд Арбиясының билігіне жіберіп отырған.

Абуаммо Twitter-дің алты мыңға жуық қолданушының жеке мәліметін берген. Сол үшін ол Эр-Рияд билігінен 200 мың доллар мен қымбат сағат сыйға алған.

Ол әсіресе Сауд Арабиясынан қашып кетуге мәжбүр болған танымал тұлғалар мен журналистердің жеке мәліметін алған. Олардың арасында Түркияда өлтірілген журналист Жамал Хашоггидің досы Омар Абдулазиздің де жеке мәліметтері болған.

Хашогги АҚШ-та тұрып The Washington Post газетінде жұмыс істеген. Ол Сауд Арабиясы билігінен ашық сынап келген. Ол 2018 жылы Стамбұлда Сауд Арабиясы консулдығында өлтірілді. АҚШ барлау қызметі бұл қайғылы оқиғаның артында Эр-Рияд королдігі тұрғанын мәлімдеді. Бірақ араб билігі бұл айыптаулардың бәрін теріске шығарды.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий