Антирабикалық көмек тегін көрсетіледі.
Қазіргі уақытта құтырма ауруы денсаулық сақтау саласында ғана емес, сонымен қатар ветеринария саласында да өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұл инфекциялық ауру барлық жерде тарала береді және жүз пайыз өліммен аяқталуымен аса қауіпті, деп жазады altaynews.kz.
Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының жүргізген талдауы бойынша елімізде соңғы жылдары халықтың құтырмамен ауруы эпидемиялық сипат алған. 2014-2016 жылдар аралығында гидрофобиямен сырқаттанған 15 адам анықталды. Олар Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан сияқты жеті облыста тіркелген. Гидрофобиямен сырқаттанған 15 адамның 1-еуін қасқыр, 2-еуін түлкі, 1-еуін мысық тістесе, 11-ін ит, соның ішінде қаңғыбас иттер, ал 6-ын өз иттері қапқан.
2016 жылы Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында құтырманы жұқтырып, артынан қайтыс болған 6 адамның бесеуі медициналық көмекке жүгінбеген. Тек бір адамға ғана медициналық көмек көрсетілгенімен, науқас антирабикалық вакцинаның медициналық қолдану бойынша ережелерін сақтамағандықтан (ішімдік ішкен, құрылыс ұйымдарында түрлі ауыр жұмыстармен айналысқан, бірде тоңып, бірде ыстықтаған) ол кісіні де аман алып қалу мүмкін болмапты.
2017 жылдың сегіз айында облыста адамдар арасында құтырма фактілері тіркелмеген. Алайда жұқпалы дерттің жануарлар арасында тарағаны анықталды. Облыстың Бесқарағай, Бородулиха, Ұлан аудандары мен Семей қаласында құтырма дертінің алты ошағы белгілі болды. Диагноз 3 итте, 3 ірі қарада, 1 түлкіде және 1 елікте расталған.
Құтырма дертінен сақтанудың төмендегідей ережелерін сақтау керек:
— Адамдарға құтырма ауруы үй мен жабайы жануарлардың, әсіресе ет қоректі жануарлардың инфекцияланған сілекейі жағылғанда немесе тістеп, тырнағанда (иттер, мысықтар, түлкілер, қасқырлар және т.б) жұғады. Құтырманың қоздырғыштары аурудың алғашқы белгілері пайда болғаннан 10 күн бұрын ауру жануардың сілекейінде болады.
— Құтырманың белгілері әр жануарда әр түрлі болады , бірақ ең басты назар аударатын нәрсе, ол – жануардың қисынға келмейтін қимыл-қозғалысы. Иттер жеуге келмейтін заттарды – тастарды, шыныны, ағашты және т.б. жей бастайды. Жануарлардың астыңғы жақтары салбырап, көп мөлшерде сілекей бөлінеді, ашушаң болады, адамдар мен басқа жануарларға тап беріп, қатты тістейді. Есте сақтаңыздар, кез-келген жыртқыш аң ешқашан адамға бірінші шабуыл жасамайды!
— Үй жануарларында құтырма ауруының белгілерін байқасаңыз, дереу мал дәрігеріне хабарласыңыз. Мал иелеріне өз бетімен көмек көрсетуге тыйым салынады, себебі бұл қауіпті.
— Егер адам мен жануарға құтырма қоздырғышы жұққаннан кейін дер кезінде екпе жасалмаса, 100% өлімге әкеліп соғады. Жануарлар қауып алған жағдайда бірден дәрігерге қаралып, құтырмаға қарсы екпе салғызу қажет. Тек уақытында жасалған вакцина ғана аурудың асқынуынан сақтай алады.
— Емдеу-профилактикалық егулердің толық курсы 6 иньекциядан тұрады: біріншісі – өтініш түскен күні салынады, содан кейін 3 ,7, 14, 30 және 90-күндері. Егер 10 күннен кейін жануар сау болса (мал дәрігерінің анықтамасы болған жағдайда) егуді тоқтатуға болады.
— Антирабикалық көмек тегін көрсетіледі.
Фото: altaynews.kz