Әуе кемесінде ажалға араша тұрғандар және осыдан 44 жыл болған уақиға

Жақында SCAT  компаниясына қарасты Ақтау-Тараз әуе рейсіндегі ұшақта  келе жатқан 63 жастағы Азиза Лапаева бір ажалдан аман қалды. Оқиға былай болған: Ұшақ Ақтаудан Таразға бет алған сәтте, стюардесса  қатты абыржып, микрафонмен «араларыңызда дәрігер бар ма? Жедел көмек керек»-деп сұраған. Алдыңғы жақтан бір ер адам тұрып, ұшқыштар кабинасына беттеді. «Артынан мен де ілесе тұрдым» дейді Рәзия Тәліпбекқызы.  Аурудың халі өте нашар, қан қысымы 60\ 0, о дүниеге  жүріп кету қаупі өте жоғары еді, дәрігер жедел қолдан тыныс алу үшін массаж жасап, ал екіншісі системе салып, оттегі беріп,  қан қысымын қадағалап тұрған. Бұл жағдай ауру ананың Стамбулдан Ақтауға, Ақтаудан Шымкентке ұзақ ұшу уақытын көтере алмағандықтан болған. Ұшақ жерге қонарда ауру әйел өз-өзіне келіп,  қан қысымы 120\80 көтерілген, аман-есен еліне қайтқан көп балалы ананың дәрігерлерге айтқан алғысы шексіз. Ал, ұшу уақыты ішінде аяғынан тік тұрып, ажалмен күрескен ақ халатты абзал жандарға ұшақ ішіндегілер орындарынан тұрып қол соққан. Кейін SCAT  компаниясы басшылығы атынан Тараз қаласының тұрғыны, медицина саласында 42 жыл еңбек еткен,Тараз қаласындағы «Асыл әжелер» ансамблінің белді мүшесі, 67 жастағы Рәзия Тәліпбекқызы Сапарбековаға алғыс хатын жазып жіберіпті.      

        Мен Рәзия Тәліпбекқызының осы 42 жыл ішінде бірде-бір рет жұмыстан кешіккенін, немесе уақытша еңбекке жарамсыздық парағын пайдаланбағанын білемін (бала босанудан басқа), марапаттары жеткілікті.     

       Рәзия Тәліпбекқызынан «Сізде немістің қаны жоқ па?» деп қызметтестері қалжыңдайтын. Біздің  марқұм әкеміз Сапарбеков Тәліпбек «өз ісіңнің шебері бол, бар істі уақытында жаса»-дейтін.Тоқсан жасында қайтыс болғанға дейін Тараз қалалық ардагерлер кеңесінде белсенді қызмет атқарды, жасына қарамай өз учаскесіндегі тұрмысы төмен, сабағы нашар болалармен, отбасымен жұмыс істеп кетті.

       Мен әкем мен сіңлімді мақтан тұтамын. Осыған орай 44 жыл бұрын болған оқиғаны еске алғым келеді. 26-27 жастағы кезім, Жамбыл аудандық емханада дәрігер болып жұмыс істейтінмін. Қаңтар айында шалғайдағы Елқаттаған малшылар штабындағы ата-анама  қонаққа барғанмын. Ол жерде электр жарығы тек кешке 2-3 сағатқа берілетін. Жатып қалғанбыз, түннің бір уағында есікті сындырардай бір ер кісі қатты айғайлады. Сөйтсек, штабтан10 шақырым жерде тұратын баздағы шопан екен. Ол кісі қойын жайып, кешке үйіне келсе, әйелі түсте босаныпты, содан бері баласының жолдасы түспей, қансырап жатқан көрінеді. Штабтағы дәрігерлер ауданға есеп беруге кеткен екен. Ойланып тұруға уақыт жоқ, емхананың құлпын бұзып, қан тоқтатанын дәрі-дәрмек, шприцтерін алып, қойшының артына мінгесіп, шаба жөнелдік. Алладан  әйелдің амандығын тілек, оған көмек көрсетуім қолымнан келсе екен деп жалбарынып, өзім қорқып келемін, себебі мен әйелдер дәрігері емес, тіс дәрігерімін ғой!

       Май шамның жарығымен қолымды  тазалап жуып, бір Аллаға сыйынып, әйелдің жатырына қолымды білегіме дейін салып, жайлап баланың жолдасын алдым! Қара көлеңкеде дұрыс көре алмайсың, бәрі алынды ма, қалды ма? Дәрілерімді салып, ыстық сорпа,  шәй бергізіп, әйелдің денесін жылытып алдық. Бір кезде  жаңа туған нәресте лақылдатып қап-қара бірдеңені құсып жатып, жаным мұрнымның ұшына келді. Таң да атпай қойды. Есіл-дертім егер таң атса, штабтағы рациямен ауданмен байланысып, болған жағдайды айту, көмек сұрау. Әйтеуір, таң да атты ау. Атқа міне сала штабқа бет алдым. Аудандық аурухананың бас дәрігері Валентин Петрович Цой жағдайды естіген соң: «Рабигуша, держись, помощь уже собирается»-деп мені тыныштандырмақщы болады. Хабар бере сала қайта артқа шаптық. Бала да, ана да тыныш, ыстық пештің жанында пысылдап ұйықтап жатыр.  2 жедел жәрдеммен бала дәрігері, акушер-гинеколог, басқа да көмекшілерімен түсқайта келіп жетті-ау. Баланың алынған жолдасы түгел түскен екен. Қан көп кеткендіктен  ана көп әлсіреген, дәрігерлер алып кетпек болды.  Үйдегі кішкентай басқа баласын, қой соңындағы күйеуін тастағысы келмей, әйел «мен ешқайда бармаймын, жақсымын, беретін емдеріңді жазыңдар, мына қыз қалып жасасын» деп бетбақтырмайды. «Жоқ, жоқ, ендігісін ештеңе жаксамаймын»-деп мен зәрем ұшады. Акушер-гинеколог маған: «Сенің әйелдің жатырына қол салуыңа құқың жоқ, егер бірдеңе болса не етер едің, маманы емессің ғой»-дегені құлағымда. Ақыры әйел дәрігерлерге көнбей үйінде қалды, мен атпен күніне 2-3 рет келіп, емін жасап жүрдім. Бір Жаратқан көмектесті, әйелге де маған да! Бір қызығы, әйел түсте босанған, баласының кіндігін өзі кесіп, кендірмен байлаған, бірақ, пеш жағуға шамасы жетпеген. Қайран, қазақтың жанкешті, отбасының жағдайын ойлаған қазақтың әйелдері-ай, қандай мықты болған!

      Бірнеше жылдардан кейін сол әйел мені тоқтатып «сен көмектескен қыз мектепке барды» -дегенде қуанышымде шек болған жоқ. Ол кезде «әйелді аман алып қалу қажет»-деп заңсыздыққа барған екенмін.

 


Рабига Сыргабаева

Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий