Украин астығы тиелген алғашқы кеме Түркия жағалауларына жетті

Ресей Украинаға басып кіргелі бері украин порттарынан астық алып шыққан алғашқы кеме Түркия жағалауларына қиындықсыз жетті.

Анкараның мәлімдеуінше, шілде айында Стамбұлда Украина және Ресей биліктері өкілдерінің қатысуымен жасалған келісімге сәйкес, украин порттарынан орташа есеппен күніне бір жүк кемесі жолға шығады.

Сьерра-Леоне туы ілінген Razoni кемесі 1 тамызда Одессадағы порттан Түркияға қарай бет алды. Жүк кемесіне тиелген 26 мыңнан астам жүгері Ливанға жеткізіледі. 36 сағат бойы жүзген кеме сейсенбі күні кешке Босфорға кіретінге жерге тоқтады, деп жазды Reuters.

Ертесіне таңертең кемедегі жүкті Стамбұлдағы Бірлескен үйлестіру орталығының делегациясы тексереді. Оның құрамына украиндықтар, ресейліктер, түрік қызметкерлері мен БҰҰ өкілдері кіреді.

Украин азық-түлігін әлем нарығына шығару жөніндегі келісім азық-түлік дағдарысын жеңілдету мақсатында жасалған.

Ресейдің Украинамен соғысының кесірінен Қара теңіз порттарында экспортқа арналған миллиондаған тонна азық-түлік жиналып қалды. Киев оны Ресейден көрсе, Мәскеу астық тиелген кемелер акваториядағы украин миналарынан шыға алмай отыр деп мәлімдеген. БҰҰ Африка мен Азиядағы кедей елдерде аштық болуы мүмкін екенін ескертті.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий