Украина мен Ресей арасындағы жаңа келіссөздер 28-30 наурыз аралығында Түркияда өтеді. Бұл туралы Киев өкілі Давид Арахамия хабарлады.
Мәскеу өкілі Владимир Мединский кездесу болатынын растады. Мединскийдің айтуынша, жүздесу 29-30 наурызға белгіленген. Ресей делегациясын кім бастап баратыны әзірге белгісіз.
Кездесу өткізу туралы шешімді тараптар жексенбіде қабылдады.
Украина мен Ресей келіссөздерінің алғашқы раунды Беларусь аумағында өтті. Сол кезде таратап бетпе-бет кездескен. Келіссөздер одан соң видеобайланыс форматында жалғасты. Наурыз айының ортасында тараптар тағы да бетпе-бет кездесті. Киев пен Мәскеу келіссөздерде нақты не талқыланғанын жарияламады.
Ресей Украина аумағына 24 ақпанда президент Владимир Путиннің бұйрығымен басып кірді. Киев Мәскеуді азаматтық инфрақұрылымдарды жойып жатыр деп айыптады. Ресей жағы әскери нысандарды ғана атқыладық деп отыр.
Соғыс жүріп жатқанына қарамастан тараптар жағдайды реттеу жолдарын талқылап жүр. Украин жағын қауіпсіздік кепілі, атысты доғару, Ресей әскерін елден шығару және «даулы аймақтардың саяси шешімі» мәселелері толғантады.
Мәскеудің мәлімдеуінше, Украинаның бейтарап мәртебесі мен оның НАТО-ға мүше болмауы осы келіссөздерде талқыланып жатыр.