Украина президенті резервтегілерді әскерге шақыру туралы жарлық шығарды

Украина президенті Владимир Зеленский Қарулы күштердің резервіндегі азаматтарды әскерге шақыру туралы жарлыққа қол қойды. Мұндай қадамға Ресейдің жікшілдер бақылауындағы Донбасс ауданына әскер енгізу жөніндегі шешімі себеп болды.

«Бізге шұғыл түрде украин армиясы мен басқа да әскери жасақтарды толықтыру қажет. Бас қолбасшы ретінде резервтегілерді әскерге алу туралы жарлық шығардым. Резервтегі шұғыл әрекет етуге жарамды деп танылған азаматтар ғана әскерге шақырылады», — деді Зеленский. Ол жалпыұлттық мобилизация жариялауға ерте деп есептейді.

Зеленскийдің айтуынша, украин армиясы түрлі өзгерістерге дайын болуы тиіс, резервтегілер соны жүзеге асыруға көмектеседі.

Бұның алдында Владимир Зеленский Украина жанжалды бейбіт жолмен шешкісі келетінін, бірақ басқыншылыққа қарсы тұруға дайын болуы керектігін мәлімдеген.

22 ақпанға қараған түні Ресей президенті Владимир Путин Украинаның шығысындағы «ДХР» (Донецк Халық Республикасы) мен «ЛХР» (Луганск Халық Республикасы) жікшіл аймақтарын тәуелсіз деп танып, оларға Ресей әскерін кіргізу турады шешім қабылдады. БҰҰ Бас хатшысы және Батыс елдері Мәскеудің бұл әрекетін сынады.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий