Украина президентінің кеңсесі: соғыста 10-13 мың украин жауынгері опат болды

Ресей Украинаға басып кіргелі бері соғыста он мыңнан 13 мыңға дейін украин жауынгері опат болды. Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк бейсенбі күні ұлттық телеарна эфирінде осылай деп мәлімдеді.

Украинаның ресми тұлғалары соғыста қаза болған жауынгерлер саны он мыңнан асып кеткенін бірінші рет растап отыр. 30 қарашада Президент кеңсесінің кеңесшісі Алексей Арестович блогер Марк Фейгиннің ютуб-арнасындағы эфирде соғыста қаза болғандар саны 10 мыңнан 20 мыңға дейін барады деп мәлімдеген.

Подоляк ақпараты қаншалықты ресми мәлімдеме екені әзірге белгісіз. Ол Украина президенті Владимир Зеленскийдің ресми дерегіне сүйенген, алайда мемлекет басшысы көпшілік алдында мұндай мәлімет келтірген емес.

Осы аптада Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен украин армиясы 100 мың жауынгерден айрылды деп мәлімдеген. Кейін оның кеңсесі шенеунік қателесіп кеткенін хабарлап, ол соғыс кезінде опат болғандар мен жараланғандардың жалпы санын айтқысы келген деген. Мұндай деректі алдын Пентагон келтірген.

Ресей қорғаныс министрлігі адам шығыны туралы мәліметті соңғы мәрте 21 қыркүйекте таратқан. Ресми мәлімет бойынша, 5937 жауынгер Украинадағы әскери қимылдар кезінде мерт болды. 10 қарашада Пентагон Ресей армиясында 100 мың адам өлді, не жараланды деп мәлімдеген.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий