Украинадағы соғыста қаза тапқан тәжік азаматы өз ауылына жерленді. Бұл жөнінде Азаттықтың Тәжік қызметі хабарлады. Ресей мен Тәжікстан билігі бұл ақпаратты растамай отыр.
Озоди радиосының хабарлауынша, Украинадағы соғыста кемінде төрт тәжік азаматы қаза тапқан. Олар Тәжікстанның Хатлон және Соғды облыстарының тумасы болған.
17 наурызда Хатлон облысының Хамадони ауданындағы Тудабойон ауылында Ресей армиясының жауынгері, 50 жастағы Саидакбар Саидов жерленді. Украинадағы соғыста қаза тапқан оның денесін Ресейдің Тәжікстандағы 201-ші әскери базасының бірнеше офицері алып келген. Ол Украинаның қай ауданында, қандай жағдайда қаза тапты, ол жағы нақты айтылмайды.
Ауыл әкімі мен қаза болған жігіттің бауыры Саидакбардың Ресей азаматы екенін, сол елдің қарулы күштерінде қызметте болғанын айтты. Азаттықтың Тәжік қызметінің ақпараты бойынша, Саидов Совет одағы құлаған соң бірден Ресей азаматтығын алған, бес баласы бар.
Ресей Украинаға басып кіргелі 27 күн болды. Жақында Украина президенті Владимир Зеленский кескілескен ұрыс болған аудандарда Ресей солдаттарының мәйіттері үйіліп жатыр деген. Зеленский соғыста 14 мың Ресей жауынгері оққа ұшты деген мәлімет берген.
Ресей қорғаныс министрлігі «арнайы әскери операцияда» 498 жауынгерінің қаза болғанын ғана растады. Ресейдің «Комсомольская правда» басылымы сол елдің қорғаныс министрлігіне сілтеме жасай отырып 9861 азаматының оққа ұшқанын, 16153 сарбазының жаралғанын жазған. Біраз уақыт өткен соң бұл ақпаратты өшіріп тастады.
Соғыс жағдайында таратылған бұл ақпараттың рас-өтірігін анықтау мүмкін емес.