Украинада жүріп жатқан соғыста тәжік ғалымы Бежан Шарофов (Бижан Шаропов) қаза тапты. Тәжікстанда туып-өскен, Украинаның Ғылым академиясының қызметкері болған ол былтыр сәуір айында Изюм қаласындағы шайқаста жоғалып кеткен.
Оның қаза тапқаны жөніндегі ақпаратты Украина және Тәжікстан билігі растады.
34 жастағы Бежан Шарофов Украина азаматтығын алған. Ресей Украинаға шабуыл бастаған кезде, ол Украинаны қорғау үшін өзінің қалауымен соғысқа аттанған.
Украина дипломаты Александр Шерба 9 ақпанда Фейсбук парақшасына Бежан Шарофов бірнеше ай бойы із-түссіз жоғалғандар тізімінде болғанын, кейін денесін ДНК арқылы анықтағанын жазды. «Ол — нағыз күрескер, патриот» деп атап, оның денесі туыстарына жеткізілігенін хабарлады.
Бежан Шарофов соңғы рет Фейсбук парақшасына былтыр сәуір айында жазба қалдырған екен. Онда ол әскери көлікті жүргізіп үйренгенін жазған.
Бежан Шарофов «Айдар» батальонының сарбазы болған.