Гиссар қаласында Ресей түрмесінен Украинаға соғысқа жөнелтілген тағы бір тәжікстандық жерленді.
27 жастағы Зульфикор Мухиддиновтың денесі 22 қаңтарда Мәскеуден Тәжікстанға жөнелтілген.
Ол отбасындағы жалғыз ұл болған. Зульфикордың ағасы Хуршед Мухиддинов Озоди радиосына інісі 2019 жылы Ресейге жұмыс істеуге кетіп, кейін түрмеге қамалғанын жеткізді.
«Біз оның жұмыс істеп жатқанын нақты білетінбіз. Ол үйлену үшін ақша табамын деп Ресейге жұмыс істеуге кеткен. Бәлкім нашар жігіттердің ортасына түсті ме, заңсыз есірткі саудасымен ұсталып, алты жылға сотталды», — деді ол.
Зульфикор Мухиддинов былтыр қазан айынан бері отбасымен байланысқа шыққан емес.
Хуршед Мухиддиновтың айтуынша, інісінің соғысқа кеткенін ешкім білген емес. Бірнеше күн бұрын ғана Ресейдің қорғаныс министрлігі олармен хабарласып, Зульфикордың Украинаның Артемовск қаласында өлгенін хабарлаған.
Жақындарының айтуынша, Зульфикор аяғынан, қолынан және төсінен жараланған. Ол соғысуды қалаған емес, жазасын өтеп, еліне қайтуды күтіп жүрген.
Қазірге дейін Ресей түрмелерінен Украинаға соғысқа жөнелтілген тәжік азаматтары жөнінде нақты ақпарат жоқ. Соңғы екі айда олардың кемінде бесеуі қаза тапқаны хабарланды.