Украинада соғыста тағы бір тәжікстандық қаза болды

21 сәуірде Тәжікстанның Хатлон облысының 27 жастағы тұрғыны Файзулло Аброровтың денесі туған ауылында жерленді.

Марқұмның әкесі Асрор Аброров ұлының Украинадағы соғысқа қатысып жүргенін білмегенін айтады. «Соңғы рет төрт ай бұрын телефон арқылы сөйлескенбіз. Онда ол орыс азаматтығы бар болғандықтан, соғысқа жіберуі мүмкін екенін, бас тартса қамалатынын айтқан», — дейді Аброров.

Ұлы соңғы төрт жылдан бері Ресейде құрылыста жұмыс істеп жүрген екен.

Сәуірдің ортасында Ресейдің билік өкілдері Файзуллоның туыстарына хабарласып, соғыс қимылдарында жарақат алып, көп қан жоғалтып қаза болғанын мәлімдеген.

Марқұмның аты-жөнін айтқысы келмеген достарының бірі Файзулло соңғы бір жылдан бері түрмеде отырғанын, соғысқа былтыр қазан айында жөнелтілгенін хабарлаған.

Бүгінгі күнге дейін Озоди радиосы орыс түрмелерінен соғысқа кетіп қайтыс болған 20-ға жуық тәжікстандық туралы жазды.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий