Украинада тағы бір тәжік жауынгері қаза болды

Ресей билігі Украинадағы соғыста Тәжікстанның Файзабад ауданында туып-өскен 25 жастағы жауынгердің қаза болғанын мәлімдеді.

Туыстарының айтуынша, марқұм Алижон Сафаров көп жылдан бері орыс армиясында қызмет етіп жүрген, бірақ Украинадағы соғысқа аттанғанын білмеген.

Орыс билігі таратқан мәліметке қарағанда, Сафаров 8 мамырда қаза болған. Әзірге оның Украинаның қай жерінде қайтыс болғаны, оның сүйегін Тәжікстанға жеткізер-жеткізбесі белгісіз.

23 сәуірде Барнаул қаласында Тәжікстанда туып-өскен орыс армиясының 24 жастағы жауынгері Абубакр Нозимовтың сүйегі жерге берілген. Жакындарының айтуынша, ол Украинадағы соғысқа 15 ақпанда аттанып, 12 сәуірде Харьков қаласын қоршауға алу кезінде желкесіне оқ тиіп, қаза болған.

Украинада үш айға жақын уақыттан бері жалғасып жатқан соғысқа Тәжікстанда туып-өскен қанша әскер қатысып жатқаны белгісіз. Содан бері орыс армиясында қызмет еткен ондаған тәжік текті жауынгердің қаза болғаны расталды.

Жақында украин басылымдары соғысқа қатысып жатқан ресейлік әскерилердің тізімін жариялаған. Онда Орталық Азия елдерінде туып-өскен 6 мыңға жақын жауынгер болса, олардың 100-і Тәжікстан тумасы екені белгілі болған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий