Тәжікстанның Киевтегі елшілігі Украинадан Польшаға 2033, Молдоваға 210 және Словакияға 43 тәжік азаматы эвакуацияланғанын мәлімдеді.
Ақпаратқа қарағанда, эвакуацияланған тәжікстандықтар Польша және Германиядағы уақытша лагерьде тұрып жатыр. Олардың ішінде Украинада тұрақты тұруға құқығы барлар Еуропа өлкелерінде бір жылға қалып, жұмыс істесе болады. Ал қалғаны Тәжікстанға қайтуы тиіс.
Киевтің мейрамханаларының бірінде аспаз болып істеген Жумахон атты тәжік мигранты Украинадан 15 наурызда шығып кеткен. «Бұл жерде 140-қа жуық тәжікстандық бармыз. Бізді алып кететін ұшақтың қашан келетіні белгісіз. Бұл жерде енді қала алмаймыз», — дейді ол.
Тәжікстанның Германиядағы елшілігі тәжік азаматтарын еліне жеткізу үшін билік өкілдерімен сөйлесіп жатқанын айтты.
Ал Украинада тұрақты тұруға рұқсаты бар тәжікстандықтардың дені Еуропада қалуды шешкен.
11-12 наурыз күндері Украинадан эвакуацияланған 300-ден астам тәжік азаматы Польшадан чартерлік рейспен Тәжікстанға жеткізілген.