Ulysmedia.kz редакциясы сайттың бұзылғанын мәлімдеді

18 қаңтарда түстен кейін Ulysmedia.kz сайты бұзылып, сайттың алғашқы бетіне бас редактор Самал Ибраеваның жеке деректері жарияланып кетті. Бұл жөнінде Самал Ибраева хабарлады.

Жарияланған мәліметтер арасында Самал Ибраева мен оның отбасының құжаттары, суреттері бар. Сәлден соң сайт жабылды.

Сайттың бас редакторы Самал Ибраева ақпарат құралдарына таратқан ресми мәлімдемесінде «мұны кім істеген болуы мүмкін» деген сұраққа жауап іздейді. Оның айтуынша, мұндай қоқан-лоқы, шабуылдар былтырдан бері жалғасып келе жатыр. Ол Азаттыққа берген сұхбатында оқиғаны сайтта шыққан материалдармен байланыстырды.

– Бүгін белгісіз біреулер Ulysmedia.kz сайтын бұзды. Бізде бұған дейін шыққан барлық материалды өшіріп тастаған. Резервтегі барлық көшірме жойылған. Сайтта маған және отбасыма қатысты барлық материал, кәмелетке толмаған балаларым туралы барлық құжат, ешқашан әлеуметтік желіге жарияланбаған фотолар шығып кетті. Мұны жеке өміріме қолсұғушылық деп бағалаймын. Ulysmedia’ның саясатына қатысты жасалған дүние деп ойлаймын, — деді Самал Ибраева Азаттыққа.

Ол бұған арнайы қызметтің де қатысы болуы мүмкін дегенді де жоққа шығармады.

«Ulys кімнің жолын кескен болуы мүмкін деген сұраққа жарты жыл бойы бас қатырып келеміз. Бұл арнайы қызметтің қатысуынсыз болмаған тәрізді. Жарты жыл бойы Ұлыс, Орда және Елмедиаға шабуыл жасалып жатыр. ҰҚК-дан ешкім бұл мәселеге тіпті қызығушылық білдірген де жоқ. Неге?» деп жазылған Самал Ибраеваның атынан таратылған мәлімдемеде.

Ол құқық қорғау органдарына шағымданатынын, әзірге шағым түсіріп үлгермегенін айтты.

«Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымының директоры Қарлығаш Жаманқұлова журналиске заңгерлік көмек ұсынғанын, журналист қабыл алғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, қор өкілдері қазір оқиғаға қатысты мәліметтер жинақтап жатыр.

– Менің ойымша, қазір заң аясында сөз бостандығы мен журналистердің қауіпсіздігіне кепілдік мәселесін қарастыру қажет. Қазір Қазақстанда журналистерге ешқандай «артықшылық» керек жоқ – тек ойдағыдай жұмыс істеуіне мүмкіндік берсін, кәсіби қызметі үшін қудалаланбайтынына кепілдік берсін, – деді Қарлығаш Жаманқұлова.

Ашық ресурстардағы мәлімет бойынша, ULYS MEDIA GROUP ЖШС 2021 жылы тамызда тіркелген. Сайттың ашылғанына бір жарым жыл болған. Самал Ибраева сайтты өзі қаржыландыратынын, демеушілері барын да жеткізді. Бірақ аттарын атамады.

  • Қазақстанда журналистер кәсіби қызметіне байланысты тосқауыл-кедергілерге жиі ұшырайды. Бірнеше күн бұрын Алматыда журналист Динара Егеубаева белгісіз біреулер көлігінің терезесін шағып, от қойғанын мәлімдеген. Ізінше полиция бес күдікті ұсталғанын хабарлаған. Полицияның хабарлауынша, ұсталған жасөспірімдер Elmedia кеңсесінің терезесін шақты деген күдікке де ілінген.
  • Былтыр қарашада полиция Elmedia редакциясы кеңсесіне «шабуылдаған» екі адам ұсталды, екеуі де 18 жаста деп мәлімдеген еді. Ол кезде күдіктілерге «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалғаны хабарланған. Азаттық sud.kz сайтынан іс туралы ақпарат таппады.
  • «Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымының «Сөз бостандығы индексінде» Қазақстан 180 елдің арасында 122-орында тұр. Елде сөз бостандығының ахуалы күрделі деп бағаланады.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий