Қырғызстан азаматы, Лейлек ауданының тұрғыны Замир Чолоев Украинадағы соғыста мерт болды. Қаралы хабарды Азаттықтың Қырғыз қызметіне марқұмның туыстары растады.
Марқұмды танитындардың айтуынша, Ресейдегі түрмелердің бірінде жазасын өтеп жүрген Чолоев «Вагнер» жекеменшік әскери компаниясы арқылы соғысқа кеткен. Туыстары марқұмның мәйіті елге жеткенін, 15 ақпанда жерлейтінін айтты. Чолоев туралы басқа мәлімет жоқ.
2022 жылғы 24 қарашада Украинадағы Бахмут түбіндегі ұрыста 30 жастағы қырғызстандық Аян Әлішеров мерт болғаны биыл қаңтардың аяғында мәлім болды. Марқұмның анасының айтуынша, Аян 2019 жылы Ресей аумағында ұсталып, жеті жылға сотталған. Ол ұлының Ресейдегі түрмеден Украинадағы соғысқа қалай тап болғанын білмейді. Әлішеровтің денесі салынған табыт 22 қаңтарда Ноокен ауданы Рахманжан ауылына жетті, ал 23 қаңтарда жерленді.
Кейін Ресейдегі түрмелердің бірінен Украинаға барып, соғыста мерт болған тағы бір қырғыз азаматы туралы мәлім болды. 30 жастағы Аманбол (аты-жөні өзгертілген) кісі тонап, адам зорлағаны үшін тоғыз жылға сотталған, үш ай бұрын «Вагнер» жекеменшік әскери компания арқылы Украинадағы соғысқа аттанған.
Мәліметтерге қарағанда, Ресейдегі 79 жабық мекемеде Қырғызстанның 1077 азаматы жазасын өтеп жүр. Депутат Жанар Ақаев оларды соғысқа әкетіп жатқанына алаңдап, түрмедегі азаматтарды экстрадициялау ісін тездетуге үндеген.