Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов атом электр станциясын салу бойынша шешім биыл жыл соңына дейін жариялануы мүмкін деп мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, АЭС салу мәселесі «әлі қаралып жатыр», қайда салынатыны әзірге белгісіз.
«Қазақстан экология кодексіндегі талаптарды орындауы үшін қалдықсыз қуат өндірісін іске қосу керек. Қуат өндіретін нысандардың барлығы негізінен совет кезінде салынған, жаңа станциялар көп емес. Станция қуатының ескіргені жөнінде объективті мәселе туындаған, жаңа генератор салу қажет. Көмірсіз қуат көзіне атом жатады. Сол себепті атом станциясын салу мәселесі қаралып жатыр, бірақ әзірге көлемі, аумағы анықталған жоқ. Шешімі 2022 жылы белгілі болады» деді Нұрмағанбетов бейсенбі күні сенат отырысынан кейін журналистерге.
Бұған дейін билік АЭС-ке қолайлы орын ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылын атаған. 17 ақпанда вице-министр өзге облыстар да қарастырылып жатқанын айтты.
«Совет кезінде де көп орындар қарастырылған: Үлкен де, Курчатов та, Батыс Қазақстан да. Айтпақшы, Батыс Қазақстанда да атом станциясы болған» деді Нұрмағанбетов.
«Дамыған елдер атап айтқанда, Германия атом энергиясынан бас тартып жатқанда Қазақстан не себепті АЭС салуды көздеп отыр?» деп сұраған кезде шенеунік «көрші Франция керісінше атом реакторлары бойынша жұмысты жандандырды» деді. «Жасыл энергетикаға толық көшу мүмкін емес» деп толықтырды.
Осы аптада энергетика министрі Болат Ақшолақов брифинг кезінде «АЭС қауіпсіздігін халыққа түсіндіру» жоспары туралы айтқан. Министрдің айтуынша, жасыл энергетика «тым қымбатқа түседі», сол себепті «Қазақстан атом электростанциясын салу мәселелеріне ден қоюы керек» деді. 2035 жылға дейін мемлекет атом энергетикасы арқылы қажетті энергияның алты пайызын өндіре алады.
Кейінгі кезде Қазақстанда билік АЭС мәселесін жиі айта бастады. Осы апта басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан «атом электр энергиясына» зәру деді.
Былтыр қыркүйекте аймақаралық ынтамақтастық форумы кезінде Ресей президенті Владимир Путин «Қазақстан АЭС салуды ұйғарса, Ресей көмектесуге даяр» деп мәлімдеген. Ол станция ғана емес, тұтас атом саласын дамыту жөнінде ұсыныс айтқан.
Халықаралық энергетика саласының сарапшылары және бірқатар жергілікті мамандар АЭС жобасын «қауіпсіздігіне кепілдік жоқ, тым қымбат» және ғаламдық жылынумен күресте «тиімсіз құрал» деп атаған.
Совет кезінде салынған Ақтау қаласы маңындағы тәжірибелік-өнеркәсіптік энергетикалық реактор 1999 жылы істен шығарылған.