Батыс елдері қазақ-орыс бірлескен «Бәйтерек» компаниясына санкция салады деген қауіп жоқ. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков жеткізді.
Оның сөзінше, Еуроодақтың Ресейге қарсы санкцияларының жаңа 10 пакетіне енген Ресейдің мемлекеттік ғарыш зерттеу орталығы «Бәйтеректің» акцияларының 2 пайызына ғана иелік етеді. Қалған 98% Қазақстанның қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне тиесілі.
«Құрылтай келісіміне сәйкес, компания акционерлерінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді», — деді Олжабеков.
Бір күн бұрын Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Астана қаласында АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен кездесіп, бүгінгі күнде санкцияларға тап болған қазақстандық компаниялар жоқ екенін білдірген.
Қазақ-орыс бірлескен «Бәйтерек» компаниясы 2005 жылы Байқоңырда жаңа зымыран кешенін салу бойынша бас оператор ретінде құрылған. Астана мен Мәскеу ғарыш аппараттарды «Протондардың» орнына экологиялық зымырандармен алмастыру бойынша жоспарларын мәлімдеген.
Бірақ орыс-қазақ ғарыш кешенін салу жобасы бірнеше рет кейінге қалған. 2021 жылдың соңында Қазақстан Ресеймен құрылған келісімге енгізілген өзгерістерді ратификациялаған. Оған сәйкес, бірлескен компниядағы қазақ тараптың үлесі 99% дейін көбейген.