Ресей президенті Владимир Путин сейсенбі күні Душанбе қаласына ұшып келеді. Тәжікстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Владимир Путин мен Эмомали Рахмон екі елдің қарым-қатынасы мен Ауғанстан төңірегіндегі жағдайды талқылайды.
Озоди радиосының хабарлауынша, бүгін, 28 маусымда, Ресей президенті Владимир Путин бір күндік жұмыс сапарымен Душанбеге келеді.
Тәжік президентінің баспасөз хатшысы Абдуфаттох Шарифзода Озоди радиосына сапар барысында ешқандай құжат қабылданбайтынын айтты. «Іскерлік сапар, кездесулер «1+1″ форматында ғана өтеді», — деді Шарифзода.
Оның айтуынша, Путин мен Рахмон «әріптестік, экономика мен мәдени байланыстарды дамыту, аймақ пен әлемдегі, әсіресе Ауғанстандағы жағдайды талқылайды».
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың ресейлік ақпарат құралдарына хабарлауынша, президенттер әуелі әскери-техникалық әріптестік пен миграция тақырыбын талқылайды. «Сауда-экономика және мәдениет салаларындағы өзекті мәселелер сөз болады», — дейді Ушаков.
Келіссөздер барысында Ауғанстандағы жағдайға ерекше назар аударылады. «Тәжікстан шекарадағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауған аумағынан радикал топтардың өтіп кетуіне жол берму, қорғаныс құрылысы мәселелері талқыланады», — деді Ушаков.