Владимир Путин. Фото: riafan.ru
«Қырымдағы орыс қауымдастығы конгресі» Симферополь қаласында Ресей президенті Владимир Путиннің ескерткішін тұрғызу үшін ақша жинап жатыр.
Бұл туралы «Крыминформ» ақпарына сілтеме жасаған ras.kz хабарлады.
Мұны жоғарыда аталған қоғамдық ұйымының райысы, Қырым мемлекеттік кеңесінің депутаты Сергей Шувайников айғақтап берді.
Оның айтуынша, президент бұл ескерткіште корабль штурвалындағы капитан кескінінде жасалып шығады. Ескерткіш қойылатын тұғырға Ресей мемлекеті басшысының «Қырым мен Севастополь ұзаққа созылған, ауыр және азапты жүзуден кейін өзінің туған гаваніне, өз жағалауларына, тұрақты тұратын портына – Ресейге қайтып оралды!» деген сөздері жазылатын болады.
Ескерткіш халықтан жиналатын ақшаның негізінде соғылады. Оған ақша жинау басталып кетті. Алдын ала мәлімет бойынша, жұмыстың құны 10 млн рубльге жуық ақшаны құрайды.