Скриншот: 31 арна
55 жастағы жалғызбасты әйелдің осыншама қаражатын шекарашылар мен кеденшілер алып қойыпты. Айтуларынша, жалғызбасты ана экономикалық контрабандамен айналысқан.
Ал, жиған-терген ақшасынан айрылған Гүлжан Мәуітхан болса, бізге заңды дұрыстап түсіндірмеді, тіпті қысым көрсетті деп отыр.
Кеденшілердің алдында жауап берген Гүлжан Қытайдағы үй-жайын сатып, Қазақстанға қоныс аудармақ болған екен. Алайда, жоспары шекарада күл-талқан болыпты. 1 адам 10 мың долларға дейін декларациясыз алып өте алады деген заңға сүйеніп, бар ақшаны 7 адам бөліп алған.
«Бауырым, бала-шағамменен 7 адам келе жатқан жолымызда бесеуіміздің қалтамыздағы 59 мың 900 долларын тонап, балаларымның жылағанына қарамастан шырылдатып тінтіп, бәрімізді тінтіп, қалтамыздан сыпырып бір-ақ алып алды», — дейді шағымданушы.
Бір кісінің 10 мың долларға дейін емін-еркін шекарадан алып өтуіне болатынын шекарашылар да мойындап отыр. Алайда, мәселенің бәрі — Гүлжан Мәуітханның бар ақша өзіне тиесілі екенін мойындауында. Жалғызілікті әйелге көмектескен балалары мен бауырлары қаржының кімдікі екенін айтпасымызға қоймады дейді.
Қалай десек те, белгіленген көлемнен артық сомада қаражат алып өтпек болғаны үшін қылмыстық кодекстің «экономикалық контрабанда» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Тәркілеу жұмыстарын жүргізген Шығыс Қазақстан облысының кеденшілері барлық шара заң аясында жүргізілгенін алға тартты.
«Атажұртқа ораламын деп келгенде қылмысты болдым» деп ашынған ана, адал ақшамды қайтармай тоқтамаймын дейді. Қазір, заңды делінген 10 мың доллары ғана өзіне беріліпті. Қалған 49 мыңның не болары әзірге белгісіз. Гүлжан Мәуітхан бұл іс бойынша сот отырысын екідай сезіммен күтіп жүр.