Қызылордада денесі суып, есінен танғанына біраз болған баланы мешіт имамы құранмен тірілтті

Өлім аузында жатқан бала мешіттен өз аяғымен кетті.

Елді елең еткізген бұл жағдай туралы Stan.kz сайтының өңірдегі тілшісіне «Ақмешіт – Сырдария» мешітінің ұстазы Мұхтар Гаджиев айтып берді.
Дін саласының қызметкері арнайы дем салу арқылы қатты науқастанған адамға көмектесуге болатынын айтады. Осындай таңғажайып оқиғалардың бірі жуырда ғана болыпты.
«Біз әдеттегідей оқушыларымызға дәріс оқып отырған болатынбыз. Бір кезде мешітке немересін құшақтап келген әжейді көрдік. Қиындыққа тап болған кісі жылап тұрып жағдайын айтып берді. Немересінің денесі суып бара жатыр екен. Есін жимағанына да көп уақыт болған көрінеді. Дәрігерлер көмектесе алмайтындарын айтыпты. Дереу дәрісімізді үзе тұрып, қарияға көмектесуге кірістік», – дейді ұстаз.
Фото: stan.kz
Имамдар баланы айнала қоршап, Құран Кәрімді оқып, дем салыпты. Алланың сөзін оқығаннан соң, бала көзін ашып, есін жия бастаған.

«Бұл расымен таңғажайып дүние. Алланың құдіреті шексіз. Арнайы жасалған рәсімнен кейін бала өз-өзіне келіп, «қарным ашты» депті. Әжесі дереу дүкенге жүгіріп, нан, су алып келіп баласын тамақтандырды. Осылайша өлім аузында жатқан бала мешіттен өз аяғымен кетті», – дейді Мұхтар Гаджиев.

Құран Кәрімді оқыған соң, дертіне шипа тауып жатқан адамдар аз емес екен. Өткен аптада республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының көпшілігі 10 күн комада жатқан баланы Құран оятқаны туралы жарыса жазған еді. Мұндай жағдайлар жиі кездеседі дейді имамдар.

«Ең бастысы, ғажайыптың орындалуы үшін ең бірінші кезекте ниет пен сенім қажет. Сол кезде жазылмайтын дерт болмайды», – дейді имамадар.

Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий