Ыстықкөл облысында «Асман» қаласы салынатын аймақтың орны өзгертіліп жатыр. Бұл туралы Азаттыққа Инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттік директоры Равшанбек Сабиров хабарлады.
«Қала құрылады деп жоспарланған жер биосфералық аймаққа кіргеніне байланысты 10 шақырым жылжытылады. Тору-Айгыр ауылы мен Тамчы әуежайының ортасында болады. Сонда әуежайға 10-12 шақырым жақындайды», — деді ол.
Равшанбек Сабиров «Асман» қаласының аумағы жоспарда жазылғандай, 4 мың гектар боп қалатынын жеткізді. Ол қала салуды жүзеге асыру үшін Франция, Түркия елдерінің инвесторларымен сөйлесіп жатқанын айтты.
Президент әкімшілігі Ыстықкөл облысына «Асман» деген атаумен 500 мың тұрғыны болатын қала салатынын мәлімдеген. Экологиясы таза аймақта тұрғызылатын қала 7-10 жыл ішінде жүзеге асады деген.
Бірқатар белсенділер бұл жобаға қарсы шығып, «Асман қаласын салуға жол жоқ» деген қозғалыс құрған. Олар қала салынса, экологиялық апат болатынын айтады.