Өз сәбиін өлтіріп, қоқысқа лақтыра салған әйел. Фото: kabarlar.org
Қырғызстанның Нарын облысында туған сәбиін өлтірген 30 жастағы әйел уақытша оқшаулағышта асылған күйі табылды. Бұл туралы NUR.KZ порталы kabarlar.org сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қорқынышты жағдай 14 қыркүйек күні болған. 30 жастағы әйел жаңа туған нәрестесін аяусыз өлтіріп, кейін қоқыс жәшігіне лақтыра салған. Милиция нәрестенің анасын 10 күн бойы іздеп, ақыры уақытша оқшаулағышқа қамайды.
Белгілі болғандай, тігін цехында жұмыс істейтін қатыгез ана баласын өлтіргеннен кейін түк болмағандай жұмысына барған. Түскі уақытта баланың мәйіті қоқыс жәшігінен табылғаны туралы ақпарат елді шулата бастайды.
Цех қызметкерлері де бұл хабарды талқылауға кіріскенде, әйел жұмысынан ізін суытып, Нарынға кетіп қалған. Милиция оны Нарыннан Бішкектің уақытша оқшаулағышына қамап қояды.
23 қыркүйек күні әйел уақытша оқшаулағышта орамалға асылған күйі табылды. Тәртіп сақшылары оның өзіне қол салғанын алға тартты.