Зайсан бассейніндегі Сарыбұлақ кенішінен Қытайға газ экспорттау тоқтатылды, деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов 14 шілде күнгі орталық коммуникациялар қызметінің брифингісі кезінде.
Қытаймен шекараға 90 шақырым жерде тұрған кеніштен 9 жыл ішінде өндірілген газдың барлығы-дерлігі көрші елге экспортталған. Бастапқыда 5 млрд текше метр газ қоры бар деп бағаланған кеніш қазір сарқылған.
—Келісім-шарт 1995 жылдың ортасында жасалған. Халықаралық келісімдегі шарттардың барлығы орындалды. Қазіргі кезде кеніште 328 млн текшеметр газ қоры қалды. Бұл халық игілігі үшін жұмсалуы тиіс. Бүгін 75 млн текше метр газ экспорты тоқтатылды, қалған 328 млн бізге шамамен 11 жылға жетуі тиіс. Сол себепті келіссөз жүргізіп, компаниядан келісім алдық. Олар 328 млн текше метр газды халыққа сақтап қоятын болды, – деді Даниал Ахметов.
Қазақстаннан Қытайға газ тасымалдау келісім-шартына 2012 жылы қол қойылған. Құжатқа сәйкес, өндірілген газ теңдей бөлінуі тиіс. Бірақ ұзақ жылдар келісім-шарт орындалмаған. 2020 жылы Азаттықтың сауалына жауап берген Шығыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй коммуналды шаруашылық басқармасы соңғы бес жыл ішінде Қытайға 400-500 млн текше метр газ экспортталғанын, ал 9 млн текше метр газ ғана облысқа жіберілгенін жазған. Оған «ішкі инфрақұрылымның шектеулігі» себеп болған.
2022 жылы мамыр айында Зайсан ауданының тұрғындары аймақтағы газ тұтас Қытайға жөнелтілгеніне наразы болған. Олар кеніштің жуырда сарқылатынын айтып, көптеген елді мекендерге әлі күнге дейін газ жүргізілмегендігін алға тартқан.
Мұндай талапқа кенішті игеріп жатқан «Тарбағатай Мұнай» ЖШС қарсы болған. Ақпарат құралдарының жазуынша, компанияға қытай ұлттық компаниясы иелік етеді.
Бейсенбі күнгі брифинг кезінде Даниал Ахметов кенішті әрі қарай барлап көру қажеттігін айтты.
—Табысқа масаттанудың қажеті жоқ, барлау жұмыстарын дамытып, әрі қарай да іздестіре беру керек. Оның алғышарттары да бар. Ол жерден едәуір көлемде ауыр мұнай қоры табылған, бұл әрі қарай газ қорын іздестіріп, бірінші кезекте аудан халқын қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Зайсан халқы ғана емес, оған жақын аудандардағы жұрттық барлығы газдандыру мәселесін шешуді сұрап отыр. Барлау жұмысының аяқталуын күтеміз. Егер мақсатымызға жетсек, кемінде 328 млн текше метр газ халыққа бағытталады, артылса, ауданды газдандыруға жұмсаймыз, – деді әкім.
2021 жылы Зайсан ауданы әкімшілігі Сарыбұлақ кенішіндегі газ «ондаған жылдарға жетеді» деп айтқан.