Украина президенті Владимир Зеленский Ресей-Украина келіссөздерінің Стамбулда өткен кезекті раунды туралы пікір білдіріп, Киев келіссөздерді жалғастырады және содан нәтиже шығаруға ұмтылады деп мәлімдеді.
Алайда Украинаның дербестігі мен аумақ тұтастығына қатысты ешқандай ымыра «болуы мүмкін емес және болмайды да», — деді Зеленский халыққа арналған бейнеүндеуінде.
Оның пікірінше, келіссөздерде Ресей тарапынан оң көзқарас нышандары байқала бастады. Алайда Ресей әскерінің Киев пен Чернигов бағыттарындағы әрекеттері қысқарады делінетін мәлімдемелерге әзірге сенуге болмайды. «Мұндай мәлімдемелер ресейлік снарядтардың жарылу қуатын бәсеңдете алмайды. Украиндықтар басқыншылықтың 34 күнінде, Донбастағы соғыстың сегіз жылында нақты нәтижеге ғана сенуге болатынын жақсы түсінді», — деді Зеленский.
АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия және Италия жетекшілері де Батыс елдеріне Мәскеудің бұл мәлімдемесіне сенуге болмайтынын ескерткен. АҚШ президенті Джо Байден Ресей әрекетінің нәтижесін көрмейінше оның мәлімдемесіне сенбейтінін айтты.