Жаңаөзен тұрғындары бір аптадан бері ереуілдеп тұр

Мұнай саласынан тұрақты жұмыс талап еткен Жаңаөзен қаласының тұрғындары 7 ақпанда қала әкімдігі алдына тағы жиналды.

Қала түрғындары жұмыс талап етіп жатқалы бүгін алтыншы күн. Жұмыс сұрап жүргендердің тізімі 2500 адамға жеткен және ол күн сайын толығып жатыр дейді белсенділер.

— Бірінші ақпаннан бері тізім жасап жатырмын. Жұмыссыз 2500 адам тіркеліп тұр. Не деген сұмдық, әлі қанша адам жүр келмей. Біздің балаларымыз кімнен кем? Өз байлығымызды неге өзіміз пайдаланбасқа? — дейді белсенді топ өкілі Ғалия Жаңабаева.

Наразыларға Маңғыстау облыстық мәслихатының хатшысы мен депутаты Нұри Тумышев пен Елубай Әбілов келген. Бірақ оларды жиналғандар тыңдамады. Түске таман жұмыссыздардың бірнеше өкілі Жаңаөзен қаласы әкімі Мақсат Ибағаровпен сөйлесті.

— Осы күнге дейін қандай жұмыс жасап жатырсыз? Мына халыққа қандай жұмыс ұсынасыз? Соны білуіміз керек. Ана тұрған халыққа барып айтуымыз керек. Нақты тауып бере аласыздар ма? — деді Жаңабай Нұғыманов.

Әкім диалог алаңында кездесуді ұсынды, комиссия құрып сөйлесу керегін айтты.

— Біз облыс әкімі бастамасымен жұмыспен қамту, халықтың сұранысын, мұқтажын орындау мақсатында барлық органдармен жұмыс істеп отырмыз. Оның ішінде жұмыс бөлімдерін көбейтуге жұмыс жасалып жатыр, — деді Мақсат Ибағаров.

Жұмыссыздар наразылығы әлі жалғасып жатыр. Олар әкім айтқан комиссияға келіспеді. Оның соңы тағы да тамыр-таныстықпен бітеді деп санайды.

Олар Қазақстан президені Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа, Жаңаөзен қаласы әкімі Мақсат Ибағаровқа үндеу жолдап, жұмыс туралы талаптарын айтты.

Жаңаөзен тұрғындары жұмыссыздық проблемасын бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. 2016 жылы жұмыссыздықты жоюды талап етіп шыққан қала жастарын полиция қуып таратқан еді. Оның лидері Ержан Елшібаевты бес жылға бостандығынан айыру жазасына кесілген. Жергілікті құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқын» деп атаған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий