Жаңаөзенде «ҚазМұнайГазға» еншілес мекеме «KMG-Security» күзетшілері жұмысты тоқтатты

9 ақпанда Жаңаөзендегі «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына еншілес мекеме «KMG-Security» күзетшілері жұмысты толық тоқтатты. Олар жалақыларын көтеріп, өздерін делдалсыз «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамына тікелей қосуды талап етеді.

«KMG-Security» агенттігі күзетшілерінің ереуілі 8 ақпанда кешке қарай басталған. Олар сейсенбі күні мекеменің кеңсесі алдына шатыр тігіп, сонда қонып шықты.

«KMG-Security» күзетшілері жетекшілерінің бірі Мұратбек Төлегеннің айтуынша, компания басшылығы былтыр жаздағы келісімді орындамай отыр.

«KMG-Security» күзетшілері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, премьер-министрі Әлихан Смайыловқа, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының бас директоры Алик Айдарбаевқа, Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа, Жаңаөзен қаласы әкімі Мақсат Ибағаровқа видео үндеу жолдап, осы шарттарды орындауды талап етті.

«Біздің жағдайымыз ортада делдал болып отырған астанадағы «KMG-Security» мекемесі салдарынан нашарлап кетті. Сондықтан бізді тікелей «Өзенмұнайгаз» компаниясына қарасты мекеме етіп қайта құруды талап етеміз. Жалақымыздың ең кемі қолға алғанда 200 мың теңге болуын, осы жылдан бастап жалақымызға қосылған 10 пайыздық үстемені де төлеуді талап етеміз. Еңбек демалысына шыққанда зияндылық үшін, тамақ үшін, тасымалдау үшін бір айлық үстемақы төлеуді, балаларымызға жазғы демалысқа жолдама беруді, 8- Наурызға бір реттік сыйақы, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыға 1-маусым балалар күніне бір реттік сыйақы төлеуді сұраймыз. Жұмысшыларды қудаламауды талап етеміз» деп жазды жұмысшылар жоғарыдағы тұлғаларға жіберген ұжымдық хатта.

«KMG-Security» күзетшілері былтыр шілдеде бір апта ереуілдеп, кейін талаптарына қол жеткізгендерін мәлімдеген еді. Келісім комиссиясы қабылдаған хаттамаға сай, күзетшілер жалақысы олардың еңбек өтіліне қарай бөлінген санаттарға сәйкес төленуі тиіс болған.

2021 жылы шілдеде «KMG-Security» компаниясы басқармасының бастығы Талғат Тоқалов қолы қойылған мөрі бар бұйрыққа сай, тамыз айынан бастап жедел топтың аға күзетшісі еңбек өтілі мен санатына қарай — 136-150 мың теңге аралығында, жедел топтың күзетшісі мен жүргізушісі – 124-137 мың теңге аралығында, ал еңбек өтілі ең аз күзетшілер 123-135 мың теңгеге дейін жалақы алуы тиіс болған.

Бірақ күзетшілер ол келісім орындалмағанын айтады.

«KMG-Security» (бұрынғы «Semser Security», «Семсер») компаниялар тобы күзет қызметін көрсетуші мекеме ретінде 2000 жылы құрылған. Оның Жаңаөзен қаласындағы бөлімшесінде 1200 адам жұмыс істейді.

Қазір Жаңаөзен қаласының бірнеше бөлігінде әлеуметтік талаптар көтерген наразылықтар жалғасып жатыр. Сәрсенбі күні таңертең «Бұрғылау» компаниясының жұмысшылары ереуілге шығып, еңбекақыны төлеу жүйесін дұрыс жолға қоюды, еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен. Облыс әкімдігі алдында жұмыссыздықты шешуді талап еткен жүздеген тұрғын қатысқан наразылық жалғасып жатыр.

Бір күн бұрын үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында наразылық күшейіп келе жатқанын айтып, «жұмысшылардың барлық талабын мұқият қарау керек» деп мәлімдеген.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий