Жаңаөзенде аштық жариялаған жұмыссыздар денсаулығының нашарлағанын хабарлады

10 мамырдан бері биліктен мұнай саласына жұмысқа тұрғызуды талап етіп, аштық жариялаған Жаңаөзеннің бірқатар тұрғындары денсаулығының күрт нашарларғанын хабарлады.

Мессенджерлерде тараған видеоға қарағанда, кемінде бір адам ауруханаға жеткізілген.

Жаңаөзен белсендісі Жадыра Досекееваның айтуынша, аштық жариялағандардың екеуі ауруханада жатыр, енді біреуі әкімдікке келіссөзге барған. Жаңаөзен әкімі Айбек Қосуақовқа хабарласу мүмкін болмады. Оның телефоны жауап бермеді.

Бейсенбі күні Маңғыстау медицина қызметкерлері қауымдастығының мәлімдемесі жарияланды. Онда 10 мамырда сегіз адам аштық жариялағаны айтылған. Алтауы денсаулығы әлсіреді деп дәрігерге жүгінген. Мамандардың пікірінше, аштық жариялаған 1992–1999 жылдары туған азаматтардың денсаулығы әзірге жақсы.

Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі бюроның астаналық филиалының жетекшісі Артур Алхастов елдегі заңдарға сәйкес аштық жариялағандар дәрігердің көмегіне жүгіне алады дейді.

10 мамырда Жаңаөзеннің онға жуық тұрғыны аштық жариялайтынын мәлімдеген. Олар бірнеше аптадан бері әкімдік алдында наразылық акциясын өткізген. Мереке қарсаңында полиция оларды ұстап, бірнеше сағаттан кейін босатқан.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий