Жаңаөзенде жұмыс сұрап, әкімдік алдында қонбақ болған үш адам 10 күнге қамалды

Қазақстанның батысындағы Жаңаөзен қаласында жұмыс сұрап, әкімдік алдында қонбақ болған үш адам – Аллаберген Молдабай, Бейсен Бағдат пен Ұлан Сейіловті полиция 24 қаңтарда ұстап, ізінше сот әрқайсысын 10 күнге қамады.

Бұл жөнінде Facebook-те жаңаөзендік белсенділер хабарлады. Сот шешіміне қарағанда, оларға «Полиция талабына бағынбау» бабы (667-баптың 1-бөлігі) бойынша айып тағылған. Жауапкерлер айыпты мойындамаған.

Жаңаөзен белсенділері 26 қаңтарда Азаттыққа: «Мемлекет 80 адамды оқытып, жалақысы жақсы жұмысқа орналастыруға уәде берген. Сол 80-нің ішінде уәде етілген жұмысына орналаспай қалғаны осы үш жігіт болатын. Амалы таусылған олар 24 қаңтарда әкімдік алдына қонбақ болған, бірақ оларды полиция ұстап алып кетті. Ұсталғандардың туыстарынан естігенім осы» деді.

Дегенмен Азаттық жұмысқа орналастыру туралы ақпаратқа қатысты әкімдік өкілдерінен жауап ала алмады.

Сот шешіміне сүйенсек, 24 қаңтарда Жаңаөзен әкімдігі алдында «бір топ адам заңсыз шеру ұйымдастырып, жерге көрпе төсеп отырған». Сот құжатына қарағанда, 29 жастағы Молдабай Алдаберген, 29 жастағы Бағдат Бейсен және 28 жастағы Ұлан Ибрагимов «жеке басын анықтау мақсатында көлікке отырыңыз деген» полиция қызметкерлерінің «заңды талабына бағынбаған».

Сот отырысы кезінде жауапкерлер тағылған айыптарды мойындамаған. Сот кезінде Ұлан Ибрагимов «ешқандай заңсыз митингіге» бармағанын, достары Аллаберген мен Бағдат үшеуі тұрақты жұмысқа қол жеткізу мақсатында әкімдік алдына келгенін айтқан. Жауапкерлер сотта «полиция қызметкерлері ештеңе ескерткен жоқ, оларға қарсылық көрсетпедік» деді.

Сот шешімі 24 қаңтарда күшіне енген.

Жергілікті белсенділердің сөзіне қарағанда, 24 қаңтарда осы үш азамат ұсталған соң, жастар әкімдік алдына жиналуын қойған. Алма есімді келіншек бейсенбі күні Азаттыққа «бүгін әкімдік алдына ешкім жиналмады» деді. Бірақ Азаттық бұл ақпаратты өзге белсенділерден растата алмады.

Жаңаөзен тұрғындарының әкімдіктен мұнай мен газ саласынан жұмыс талап етіп жүргеніне бірнеше жыл болды. Жуырда олардың ереуілді қайта бастағаны хабарланған еді. Жұмыссыз азаматтар бұған дейін Астанаға барып, еңбек министрлігі алдында түнеген. Биліктен жұмыс талап етіп жүргендер басқа салалардағы айлық жалақы өмір сүруге жетпейтінін айтады.

Билік өкілдері «жұмыссыз азаматтардың талабын орындай алмайтынын, барлығын бірдей мұнай-газ саласына орналастыра алмайтынын» айтқан. Былтыр жазда Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев аймақта жұмыссыздардың мұнай-газ саласынан жұмыс талап етуін «әділетсіз» деп, «бұл талапқа көне алмаймыз» деген еді.

Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Жаңабай Аймағанбетовтің Азаттық тілшісіне берген мәліметіне қарағанда, Жаңаөзенде тұратын 160 мыңнан астам адамның 5647-сі ресми тіркелген жұмыссыздар деп есептеледі.

Маңғыстау облысы әкімдігінің есебінше, өңірде 17 мың адам жұмыссыздардың ресми есебінде. Қыс-көктем айларындағы наразылықтан соң облыс әкімдігі құрған комиссия жұмыссыздар саны 11 000 адам болғанын айтқан.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий