Түркіменстан билігі Арқадақ қаласын ашу салтанатына дайындалып жатыр. Елдің барлық аймағында жүріп жатқан дайындыққа оқушылар, студенттер және бюджет қызметкерлері қатысуы тиіс.
Шенеуніктердің айтуынша, бұрынғы президент Гурбангұлы Бердімұхамедов құрметіне аталған жаңа қала экс-президенттің туған күні — 29 маусымда ашылады.
Бюджет қызметкерлері бір аптадан астам уақыт бойы жаппай дайындық шараларына қатысуға мәжбүр. Демалысқа қарамастан, студенттер мен оқушылар да дайындықта жүр. Олар қырық градус ыстыққа дайындалады.
«5-6 сағат бойы күн астында ту көтеріп, ұрандатып тұрасың. Адам төзгісіз жағдай. Әйелдер, үлкен кісілер, балалар есінен танып қалып жатыр» дейді осындай дайындыққа барып жүрген бір тұрғын Азаттықтың Түркімен қызметіне.
Дәрігерлердің айтуынша, дайындық өтіп жатқан жерлерде жедел жәрдем автокөліктері тұр. Дәрігерлерге көмек көрсетуге, бірақ ешкімді жібермеуге тапсырма берілген.
Бюджет қызметкерлері мұндай дайындыққа күнде баруға мәжбүр, әйтпесе оларды жұмыстан шығарып жіберуі мүмкін.
Дайындық жүріп жатқан жерге барған тілшінің айтуынша, адамдар президент Сердар Бердімұхамедов өтетін жол бойында сап түзеп тұруға дайындалып жатыр. Олардің бірі билейді, бірі ән айтады, тағы бірі президентке арналған өлең оқиды. Халық атынан мақтау-мадақтаулар да айтылады. «Мұндай көпшілік шараға мыңдаған адам қатысады. Түркіменстан тарихындағы ең үлкен шара болатын сияқты» деп хабарлады Азаттық тілшісі.
Бес миллиард доллар тұратын Арқадақ қаласы Копетдаг баурайында, Бердімұхамедов отбасы туған Ахал уәлаяты Бабарап ауылына жақын маңда бой көтереді.