Скриншот КТК арнасы
Жамбыл облысында 25 жастағы азаматтың қазасына жақындары тәртіп сақшыларын кінәлуда деп хабарлайды КТК арнасы.
Айтуларынша, Ерік Төрқұловты көліктеріне дін-аман салып әкеткен полицейлер кейін оның өлі денесін ауруханаға жеткізіпті. Яғни Ерікті қызыл жағалылар машинаның ішінде жазым еткендеріне сенімді. Ал, облыстық ішкі істер департаментінің басшылығы қызметкерлеріне шаң жуытатын емес.
Ерік Төрқұловтың өлерінен бір күн бұрын ғана үйлену тойы болған. Ертесіне жақындарымен таудағы су қоймасына шомылуға барыпты. Рұқсат етілмеген жерде жүргендері үшін қарауылмен сөзге келіп қалса керек, бірақ жанжалға жеткізбей оқиға орынан кетіп қалдық дейді марқұмның жақындары. Біраз уақыттан соң бес азамат отырған жерге үш тәртіп сақшысы жетіп, ай-шайға қарамай Ерікті көліктеріне күштеп салып әкетіпті.
«Машинаға салды ұзыннан, біреуі басына екіншісі аяғына отырып алды. Үстіне отырып алды. Рөлде отырған инспектор алдына отырып, кетіп қалды», — дейді Ерік Төрқұловтың досы Әли Башаев.
Әли Еріктің де полицейлерге қарсылық көрсеткенін мойындап отыр. Ол тәртіпке бағынбағасын әбден сабап, білгендерін жасады дейді. 25 жастағы азамат сол машинаға отырғасын оны тірідей ешкім көремеген. Небары жарты сағаттан соң өлі денесі ауруханаға жеткізіліпті.
«Дәрігерлер жазып отыр ғой, адамды әкеліп машинадан түсірген кезде өліп қалған деп. Бәрі айтып отыр. Сап-сау кеткен бала», — дейді Ерік Төрқұловтың ағасы Ернұр Төреқұлов.
Машина ішінде не болғанын ешкім білмейді. Алайда, марқұмның жақындары Ерікке күш көрсетілгеніне, оны тәртіп сақшылары абайсызда өлтіріп алғандарына сенімді. Өйткені дені сау зіңгіттей азаматтың, өздігінен ажал құшуы мүмкін емес дейді. Сондықтан Қуаныш Төрқұлов баласын жазым еткендерді ең қатаң жазаға тартуды талап етуде.
«Нағыз кінәлілер солар екеніне сөзім жетеді. Келінім қалды ішінде баласымен. Енді ол қалай болады, бәріміз еңіреп артында қалдық. Қуанышымыз көпке созылмады. Жазаға тартылуын сұраймын», — дейді Ерік Төрқұловтың әкесі Қуаныш Төреқұлов.
Дәрігерлер Ерік Төрқұловтың клиникалық өлім жағдайында жеткізілгенін айтуда. Ақ халаттылар оны дереу жансақтау бөліміне жатқызып, ажалмен арпалысқан. Алайда, әрекеттерінен түк шықпапты. Ал, құзырлы орын басшылығы әдеттегідей қоластындағы қызметкерлерін кінәсіз дейді. Айтуларынша, Ерік су қоймасының 75 және 20 жастағы қарауылымен төбелес кезінде жарақат алуы мүмкін. Дегенмен тәртіп сақшыларына қатысты да тексеру басталған.
«ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасымен өлім себептері және полиция қызметкерлерінің заңдылығын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Кісі өліміне қатысты сот-медицианлық сараптамалар тағайындалды», — дейді Жамбыл облыстық ІІД басқармасы мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бас маманы Құндыз Бөгенбаева.
Полицейлердің мәліметінше Ерік Төрқұлов тәртіп сақшыларына едәуір қарсылық көрсетіп, тіпті дене жарақатын келтірген. Сол үшін марқұмның үстінен бұзақылық және билік өкіліне бағынбау дерегі бойынша іс қозғалған. Ал, бұл қайғылы жағдайдың ақ-қарасы сот-медициналық сараптамасы қорытындысынан соң анықтаулы тиіс.