Ағымдағы жылы жаңадан 172 гектарда үдемелі алма бақтарын егу жоспарда бар.
Жамбыл облысында үдемелі бақтарды өсіру дамуда. 2015 жылы 143 гектар алқапта алғаш рет үдемелі алма бақтары отырғызылды,-деп хабарлайды «Қазақстан» ҰТА, облыс әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап.
Үдемелі алма плантацияларының негізгі артықшылықтары — алғашқы өнім алу мерзімінің қысқа болуы, яғни 2–3 жылдан соң алғашқы өнім алуға болады. Өңірде барлығы 3 мың 634 гектарға жеміс-жидек дақылдары егілсе, оның 2 672,8 гектарынан өнім алынуда.
Үдемелі бақтарды Жамбыл ауданындағы «Сады востока» ЖШС-гі, «Шоқай-Жеміс» және «Агро KZ» шаруа қожалықтары, «Altyn alma» ауылдық тұтыну кооперативі, Меркі ауданындағы «Ақ-арал» өндірістік кооперативі және «Совет» шаруа қожалығы, Байзақ ауданындағы «Ниет» шаруа қожалығы белсенді дамытумен айналысады.
Шаруалар бақ өсіруде алдыңғы қатарлы елдердің, соның ішінде Түркия, Польша және Қытайдың тәжірибелерін пайдаланады. Бұл бақтарда негізінен тамшылатып суару технологиясы қолданылады. Барлық қажетті бау-бақша техникасы болған жағдайда, шаруашылық қызметкерлерінің еңбегі айтарлықтай жеңілдетіледі, агротехникалық шараларды жүргізуі ыңғайлы.
Сонымен қатар, мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктердің көмегі де аз емес. Үдемелі алма бақтарын отырғызған кезде, инвестициялық жобаларды субсидиялау бағдарламасы бойынша, алғашқы жылы әрбір гектарына кеткен шығынның 40 пайызына дейін қайтарып берсе, 12 пайыздық үстеме ақымен алынған қарыздың 7 пайызын «ҚазагроҚаржы» АҚ төлеп береді.
Ағымдағы жылы жаңадан 172 гектарда үдемелі алма бақтарын егу жоспарда бар. Атап айтсақ, Қордай ауданында 5 гектар, Меркі ауданы 55 гектар және Жамбыл ауданы 112 гектар.
Аймақтарды дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, 2020 жылы үдемелі алма бақтарының көлемін 1 мың 600 гектарға жеткізу жоспарға қойылған.
Алдағы уақытта, тек үдемелі бақтар ғана облыс жұртшылығының тұтыну нормаларын 85,7 пайызға қамтамасыз ететін болады.
Үдемелі алма бақтарын дамыту — бұл тиімді бизнес, бір гектарда 2000 түп көшеттен жоғары өсіріледі.
Фото: kaztv.kaztrk.kz