Жапондықтар Қазақстанды Сабина Алтынбекованың арқасында таныған

Сабина Алтынбекова. Фото әлеуметтік желіден алынды

Қазақстанда тұратын жапондық азамат Масуджима Шигенобу сұхбат беріп, Күншығыс елінің ерекшеліктерін атап өтті. Сондай-ақ, ол Қазақстанды Жапонияға танытуға Сабина Алтынбекованың еңбегі көп сіңгенін айтады.

Бұл туралы ол The Qazaqtimes порталына берген сұхбатында мәлімдеген.

– Қазақ тілінде жақсы сөйлейсіз. Үйрену қиын болған жоқ па?

– Менің туған жерім Жапонияның Хоккайдо аралы. Кейін Токиоға көштік. Сол қалада оқу бітірдім. Университетті тәмамдаған соң, қазақ тіліне қызығушылығым оянды. Ақырындап үйрене бастадым. Негізі, жапон тілі мен қазақ тілінің құрылымы ұқсас, грамматикасында да көп айырмашылық жоқ. Алғашында сәл ауырлау болғанымен, кейін үйрену қиындық тудырмады. Ықылас қойса, үйренуге болады ғой. Қазақ тілін мен Қытайдағы қазақтар арасына барып үйрендім. Үрімжіде бір жарым жыл тұрдым. Ондағы қазақтар төте жазу әліпбиін қолданады екен. Соны үйрену біраз қиындық туғызды. Бірақ, қазір төте жазуды да, криллицияны да жазып, оқи беремін. Әсілі, бастапқыда Қазақстанға келмекші болғанмын. Алайда, виза мәселесі дұрыс болмай, Қытайға бардым.

– Қазақстанда тұрып, жұмыс істеп жатқаныңызға біраз уақыт болды. Екі халықты салыстыра келгенде қандай артықшылық-кемшілігі барлығын байқадыңыз? Әсіресе, өркениетті жапон елімен салыстырғанда біздегі жетіспей жатқан дүниелер не дер едіңіз?

– Жапон мен қазақ бір-біріне кейбір тұрмыс-салт әдеттері жағынан ғана емес, түр-келбеті жағынан да ұқсайды. Ал, өзге қырынан қарайтын болсақ, айырмашылық бар екені даусыз. Өзім сезінген, көзге көрініп тұратын бір жайтты айтсам, ол – уақытқа құрмет ету мәселесі. Жапондар бір істі айтқан уақытта, бір минут кешіктірмей атқаруға әдеттенген. Ол жағынан өте қатаң. Ал, мұнда уақытқа байланысты ондай қатаң талап жоқ секілді. Бостау қарайды. Әрине, бәрі олай деуге келмес. Бірақ, жалпылай қарағанда, уақытты онша қадірлемейтіндей көрінді….

– Біз дамыған ел деп Жапонияға қызығамыз. Өз елімізді де сондай жоғары деңгейге көтерілген мемлекет ретінде көргіміз келеді. Осындай биік өреге қалай тез жетуге болады?

– Даму керек. Бірақ, дамыған сайын ұлттың жоғалтатыны да болады. Кейбір құндылықтарынан, қасиеттерінен айырылады. Еуропа мемлекеттері мен Жапония, Оңтүстік Корея секілді озық елдердің қатарына қосылсам деген ой дұрыс. Алайда, абай болған жөн. Өте тез дамуға ұмтылу да қажет емес. Жапонияның дамуы барысында біз көп нәрседен айырылдық. Мәселен, отбасылық қарым-қатынас, туыстық байланыс әлсіреп кетті. Әркім өз бетінше өмір сүретін, бір-біріне көп қарайласа бермейтін халге жетті. Ал, Қазақстанда туыстар ара мейірім, көмектесу, жан тарту жақсы сақталған. Жапонияда ондай жоқ қазір.

Қазақстан мен Жапонияның тарихы, тағдыры ұқсамайды. Жері де, ауа райы да, менталитеті де әртүрлі. Даму үлгісін алғанда бірден Жапония не Америка секілді мемлекет болуға күш салудың пайдасы аз. Қазақстан өзінің тарихи, мәдени, географиялық ерекшелігіне сай өркендеуі тиіс. Ұлттық болмысын, ішкі рухани келбетін жоғалтып алмауы керек. Керісінше, соны негіз ете отырып дамығаны дұрыс деп ойлаймын.

– Ал, Қазақстан туралы жапондықтар қаншалықты хабардар?

– Қазақстан жайлы жапондардың көбі әлі білмейді. Бұрын Кеңес Одағының ішінде болды ғой. Бәрін россиялықтар дейтін. Біз тіпті, бұл жақта түрі бізге ұқсайтын азиялық ұлт тұрады деп ойламаппыз. Жапондықтар осында келіп көрген соң таңқалып жатады. Менің өзім қазақ тілін үйреніп жүріп, осында бізге тіл құрылымы жақын халық барын білмеппін.

– Жерлестеріңіздің Қазақстанды толық танымауына не себеп?

– Ол үшін екі арадағы түрлі байланыстарды қоюлата түскен жөн. Мәселен, өткен жылдары қазақстандық волейболшы қыз Сабина Алтынбекова Қазақстанды танытуда үлес қосты. Жапон телеарналарында көрсетілді. Қарап отырсаңыз, бір спортшының себебімен біраз адам Қазақстан туралы сұрастырып, қызығушылығы оянды. Расында, қазақ еліне жапон жерінен келетін саяхатшылар аз. Өздеріне беймәлім ел болғасын ықылас танытпайды. Өзбекстанға қарағанда Қазақстанның тарихи орындары онша танымал емес.

Сосын, басты айтатын нәрсе – сервис ойдағыдай емес. Алдағы жылы Астанада ЭКСПО өткелі жатыр. Соған орай, сервис жағын жақсы қолға алса деген ой бар. Бұл кейінгі болашаққа да керек дүние. Қазақ халқының қонақжайлылығы өте жақсы. Енді, соған сай сервисті де дамытса. Келген қонақтарды бірден тарта жөнелетін жақсы деңгейге жеткізсе. Бәлкім, ЭКСПО осы саланың оңалуына мүмкіндік тудыратын болар.

Без рубрики
Комментарий (0)
Добавить комментарий