Жарық пен жылусыз қалған Екібастұзда төтенше жағдай жарияланды

Павлодар облысының Екібастұз қаласында төтенше жағдай жарияланды. 30 градус суықта жергілікті ЖЭС істемей, қала жылусыз қалған.

«Жылу желілеріндегі апатқа байланысты «Азаматтық қорғаныс» туралы Қазақстан заңының 48-бабына сәйкес Екібастұз әкімінің шешімімен төтенше жағдай жарияланды. Төтенше жағдай қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін жалғасады», — деп хабарлады қала әкімдігі.

Қалада 17 көпқабаты үй және 5 әлеуметтік нысан, 21 заңды тұлғалар нысаны жылусыз қалған. Қаладағы балабақшалардың жұмысы тоқтатылып, мектептер қашықтан оқуға көшкен.

27 қарашаға қараған түні жергілікті ЖЭС-тің экран құбырларындағы апатқа байланысты №11 пеш агрегаты тоқтаған, соның салдарынан тағы да үш агрегат істен шыққан.

Жергілікті тұрғындар үйлерінің суып кеткенін, қалың киіммен жүргенін хабарлап жатыр. Компания ЖЭС жұмысын барынша жылдам қалпына келтіруге уәде берген.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Екібастұз жылу желісінде көптеген ақау пайда болғаны анықталғанын айта келе, ірі апат болғанын да жоққа шығармаған. Энергетика министрлігі апатты «арзан тарифпен» байланыстырды.

Екібастұз тұрғындарын ішінара эвакуациялап жатқаны туралы хабарланды.

28 қарашада апат салдары жойылмағаны белгілі болды. Жергілікті БАҚ Екібастұз жылу жүйесіндегі ақау тағы бір апат туғызғанын, 30 градус аязда ыстық су атқылап жатқанын хабарлады.

Қарашада Шығыс Қазақстан облысындағы 55 мың адам тұратын Риддер қаласы жылусыз қалған. Жергілікті ЖЭС-тің тозған пештері жылу маусымы басталысымен-ақ бірінен кейін бірі істен шыққан.

Павлодар облысының аумағындағы Екібастұз қаласында 150 мың адам тұрады. Қалада көмір өнеркәсібі мен электрэнергетикасы дамыған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий