Жастарға әскери мамандықты қалай алуға болатындығы туралы айтылды

Атырау облысының жергілікті әскери басқарма органдары мектеп түлектерімен әскери оқу орындарға түсу жолдары бойынша кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізуде.

Кездесулер барысында жергілікті әскери басқару органдарының өкілдері мен әскери оқу орындарының курсанттары мектеп оқушыларына қорғаныс министрлігінің оқу орындарына қабылдау, іріктеу және оқуға түсу тәртібі туралы айтып берді. Оқушыларға барлық қажетті ақпараттар жеткізіліп, ҰБТ-де әскери мамандықтарға қатысты мамандандырылған пәнді таңдау туралы айтылды.

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының төртінші курс курсанты Шерхан Хайруллин Еркінқала орта мектебінің түлектерімен кездесті. Ол өзінің бастан кешкенің, қалай әскери адам болғанын және оның институтында әскери мамандар қалай даярланатынын айтты.

«Институтқа түсу үшін ҰБТ-дан кемінде 50 балл жинау және медициналық тексеруден өту қажет болды. Сондай-ақ психологиялық іріктеу мен дене дайындығы сынақтарынан өттік. Оқу үдерісі өте қызықты және қарқынды. Сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, бүкіл оқу кезеңінде мемлекет мені барлық қажеттіліктерімен толық қамтамасыз етеді және әскери институтты бітіргеннен кейін жұмыспен қамтамасыз етеді», — дейді Шерхан Хайруллин.

Мектеп оқушыларымен Атырау облыстық қорғаныс істері жөніндегі Департаменті бастығының орынбасары, капитан Жасұлан Сатбалдиевте сұхбаттасты. Ол әскери жоғары оқу орнына түсу алгоритмі, әскери қызметтің ерекшеліктері, әлеуметтік пакет және әскери қызметшіні қамтамасыз ету туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

«Әскери оқу орындары бойынша кәсіби бағдар беру жұмыстары бозбалаларды есепке алу науқаны аяқталғанға дейін жалғасады. Оқуға

түсуге үміткерлер жергілікті әскери басқармаға жеке куәлік пен тіркеу туралы куәлікпен бірге 30 сәуірге дейін келіп өтініш беруі керек. Біз оларға қалаулары бойынша төрт әскери оқу орнын таңдауды ұсынамыз. Бұл Құрлық әскерлердің Әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты және Қорғаныс министрлігінің Әскери колледжі», — деп түсіндірді Жасұлан Сатбалдиев.

Жалпы орта білімі бар, 17 жасқа толған, бірақ 22 жастан аспаған азаматтар, 24 жасқа толғанға дейін міндетті әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер, сондай-ақ 25 жасқа дейінгі келісімшарт бойынша әскери қызметшілер әскери оқу орындарына түсе алады.

2020 жылы Атырау облысынан 30-ға жуық адам Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына түскен болатын.

ҚР ҚМ Атырау гарнизоны бойынша баспасөз қызметі

капитан Рустем Игисинов

Байланыс: +7-777-641-11-72

Комментарий (0)
Добавить комментарий