Шымкент қаласы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ұзақ мерзімді жедел әзірлеме жұмыстары нәтижесінде қала аумағында есірткі заттарын өткізумен айналысқан 55 жастағы жергілікті тұрғынды құрықтады.
Тергеу сотымен санкцияланған тінту жұмыстары нәтижесінде, «Орманшы» тұрғын алабында орналасқан тұрғылықты мекенжайындағы жатын бөлмесінен шкаф ішіне және киім-кешектерге жасырылған, қағазға оралып өткізуге дайындалған жалпы 8 дана есірткі бумалары анықталып, тәркіленіп алынды.
Сондай-ақ, жедел уәкілдер оның «Абдулабад» тұрғын алабындағы мал қорасынан тағы қосымша 3 литрлік шыны банкаға салынған және ақ түсті қапта сақталған өткір иісті есірткіге ұқсас заттарды тәркілеп алды.
Сараптама қорытындысына сәйкес, аталған заттардың «марихуана» және «гашиш» есірткілері екендігі расталып, жалпы салмағы 500 грамнан асқан.
Одан бөлек, жедел-іздестіру іс-шаралар барысында, оның 54 жастағы сыбайласы анықталып, тергеуге жеткізілді.
Аталған факт Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 297-бабы 1-бөлігімен (есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктілердің бірі Уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды, ал екіншісіне «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлқы туралы қолхат» бұлтартпау шарасы қолданылды.
Полиция қызметкерлері есірткі заттарын өткізу аса ауыр санаттағы қылмыс ретінде сараланатынын, сондай-ақ онымен байланысты заңсыз әрекеттер бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілікке алып келетінін ескертеді.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі