Фото: malyshochek.ru
Оның айтуынша, сот барысында балалар үйінен түлеп ұшқан Серік Асылбековтің құқы тапталған. Адвокат Айман Умарова сотталған жігітті құзырлы органдар қорғаушысы жоқ «жетім» деп басынуы мүмкін екенін алға тартады. Қорғаушы сот бейнематериалдарынан айыпталушы Серік Асылбековтің бірқатар құқығы бұзылғанын анықтаған.
«Біріншіден, судья тілді дұрыс тағайындамаған. Айыпталушы Серік Асылбековтің қазақ тілінде сөйлейтінін ескермеген. Құзырлы орган тергеу кезінде барлық құжатты орыс тілінде жүргізген. Серік Асылбеков қазақ мектебінде, қазақ колледжінде оқығанын есепке алу керек еді. Балалар үйінде тәрбиешілер де онымен қазақша сөйлескен. Керек десеңіз балалар үйіндегі өзге ұлт өкілдері өз тілін білмесе де, қазақшаға судай. Бұлардан сотты орысша жүргізуге қарсы еместігі жөнінде қолхат алып алған. Серік Асылбековке өз құқын түсіндірмеген. Алайда сот барысында, нақтырақ айтқанда, үшінші сот отырысында судья Асылбековтің орыс тілінде сөйлегенімен, заң саласындағы мәтіндерді түсінбегенін мойындап, оған аудармашы берді», — дейді адвокат.
Құқыққорғаушы мәселенің төркінін тергеушінің қазақша білмегендігінен деп топшылайды . Күдіктіден істі қай тілде жүргізуін сұраудың орнына олар шағымданушыдан орыс тілді таңдайтынын арыз алып алады.
Сонымен қатар, аталған іс бойынша жәбірленуші үш бала да сотта әртүрлі куәгерлік көрсеткен. Соған қарамастан, олардың құқын бір-ақ қорғаушы қорғаған. Адвокаттың айтуынша, мұндай кезде оларға жеке-жеке адвокат тағайындалуы тиіс.
Сондай-ақ Серіктің қорғаушысы медициналық сараптаманың жеті жарым айдан кейін жасалуын еш қисынға келмейді деп отыр. Ал сотқа қатысқан сарапшы маман проктолог болмай шыққан.
«Мұндай іске қатысты сараптаманы тек проктолог маман ғана жасай алады. Ал сотқа қатысқан сарапшы тек денедегі жарақат бойынша дәйектерді анықтайды. Оның сөздерін қалай негізге алып отырғандарын түсінбеймін», — дейді Айман Омарова.
Адвокат Серік Асылбековтің конституциямен бекітілген қорғау құқынан да қағылғанын айтты.
«Серік Асылбеков жарыссөзде: «Мен маған берілген адвокатқа сенбеймін. Маған басқа қорғаушы қажет», — деген өтініш білдірген. Сот оны жауапсыз қалдырыпты.
Адвокат анықтаған тағы бір қателік сол уақыт аралығында әртүрлі куәлік берген балаларды беттестірмегені.
Айта кетерлігі, Серік Асылбеков психикалық дамуы тежелген азаматтар қатарында тұрған. 18 жасқаы толған күні оны бұл есептен автоматты түрде шығарып жіберген. Бірақ ол — әскери міндетті емес.
«Прокурорлар Серікке «сары қағазың бар ма?» деп мазақ еткен. Жетім бала деп басынып тұр ма, білмедік», — дейді қорғаушы.
Еске сала кетсек, өткен жылдың ақпан айында Алматыдағы № 1 балалар үйінен жанжал шықты. БАҚ құралдарында пайда болған видеода 13 жастағы жасөспірім осы мекеменің түлегі өзін зорлап келгенін айтқан болатын. Балалар үйінің басшылығы мұны кәмелетке толмаған баланың қиялы деп атады. Ал білім басқармасындағылар баланың шағымы бойынша қызметтік тергеу жүргізілгенін, оның нәтижесінде сексуалды зорлау әрекетінің орын алмағаны дәлелденді. Алайда, кейінірек 19 жастағы күдікті ұсталып, тұтқындалды.
Біраз уақыт өткен соң аталған мекеменің директоры қызметінен алынды. Тергеу барысында жасалған сараптама нәтижесі зорлану белгілерін тағы да екі тәрбиеленушіден табылғанын көрсетті. Өткен жылдың желтоқсан айында балалар үйінің түлегі жыныстық зорлау әрекеті үшін айыпты деп табылды. Қылмыстық кодекстің 121 бабы бойынша ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.