Ақтөбе соты Сириядан эвакуацияланған ағайындыларды 8 жылға соттады
Ақтөбе соты биыл ақпанда Сириядан эвакуацияланған 12 қазақстандықтың екеуіне 8 жылдан түрме жазасын кесті. Ағайынды екі жігіт Ақтөбеге 2021 жылғы 5 ақпан күні жеткізілген.
«Жусан» операциясымен Таяу Шығыстан эвакуацияланған Русланның (есімі өзгертілді – Ред.) жасы 36-да. Ол 2015 жылғы 16 маусым күні Ақтөбе қаласынан жолға шығып, Ресей арқылы алдымен Түркияға, сосын Сирияға барған.
Ақтөбе соты таратқан мәліметке қарағанда, Руслан Сирияға барған соң «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымына ант беріп, оның белсенді мүшесі болған. Сол жылы маусымда арнайы әскери дайындықтан өтіп, сол ұйымның жұмысына араласқан, қарулы қақтығыстарға қатысқан.
«Тергеу сотталушыға «діни алауыздықты қоздырды», «билікті басып алуды насихаттады», «терроризмді насихаттады», «террористік топтың әрекетіне қатысты» деп айып тақты. Ол Сирияда жүріп, 2016 жылғы қыркүйек-қазан аралығында Қазақстанда қалған бауыры мен танысына терроризмді насихаттаған. Сотталушы өзіне тағылған айыпты толығымен мойындады. Сот оны 8 жылға бас бостандығынан айырды» деп хабарлайды Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.
Тергеу Русланның 30 жастағы інісі Ерланды да (есімі өзгертілген –Ред.) «діни алауыздықты қоздырды», «терроризмді насихаттады», «террористік топтың әрекетіне қатысты» деп айыптаған. Ерлан 2016 жылы 16 ақпанда Алматы әуежайынан Стамбұлға ұшып, сол жақтан Сирияға кеткен.
Ағайынды екеудің үкімі арасына бір күн салып, 28-29 сәуір күндері шыққан. Ақтөбе соты екеуіне де сегіз жылдық түрме жазасы кескен.
Сотта Сириядан оралған екеудің үлкені Русланның құқығын қорғаған адвокат Нұрбибі Есмағамбетова «Сотталушы өзіне тағылған айыпты толық мойындады. Сондықтан сот істі қысқартылған тәртіппен қарады. Сот залында туыстары болған жоқ. Басқа ештееңе айта алмаймын. Қалғаны – адвокаттық құпия» деді.
2021 жылғы 4 ақпан күні Қазақстан сыртқы істер министрлігі «Жусан» операциясы аясында Сириядан тағы 12 қазақстандықты елге эвакуациялағанын хабарлады.
«Топ құрамында 4 ер адам, 1 әйел және 7 бала бар. Ұлттық заңнамаға және халықаралық міндеттемелерге сәйкес, террористік іс-әрекетке қатысқан адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Жетім балалар жақын туыстарының қамқорлығына беріледі және мемлекет оларға барлық қажетті көмекті көрсетеді» делінген министрлік хабарламасында.
Онда операцияға АҚШ және өзге халықаралық ұйымдар атсалысқаны жазылған.
Қазақстан 2019 жыл қаңтар айынан бастап «Жусан» операциясы аясында Сирия мен Ирак аумағындағы азаматтарын қайтара бастады. Сирия мен Ирак аумағында экстремистік топпен бірге ұрыс қимылдарына қатысты деген күдікке ілінгендер Қазақстанға оралған соң «террорлық топқа және шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысты», «терроризмді насихаттады және қаржыландырды» деген айыппен сотқа тартылған.
Сириядағы соғысқа Қазақстанның қанша азаматы кеткенін дәл айту қиын. 2018 жылы шілдеде ҰҚК Азаттыққа берген жауабында Сирия мен Иракта соғыс басталғалы ол жаққа 800-ге тарта Қазақстан азаматы кеткенін хабарлаған.
Комитеттің 2019 жылғы қарашадағы жауабында Сирия мен Ирактан Қазақстанға 277 ересек (57 ер адам, 220 әйел адам) мен жасы кәмелетке толмаған 547 баланың қайтарылғаны, Сирияда әлі 90-нан астам азаматтың бары айтылған.
newstaraz.kz