ҚАРАҒАНДЫДА КӨШЕЛЕРДІҢ АТАУЫ ҚАЗАҚШАЛАНДЫ

Ленин орнына Абай! Қарағандының бір дегенде он көшесінің атауы өзгеретін болды. Шаһарда осы мәселеге қатысты қоғамдық тыңдау өткен болатын. Әдеттегідей даусыз болмады.
Совет заманынан бері мызғымай тұрған көше атауларын қалдыруды қалағандар қарсылыққа тап болса, ауыстыруды құп көргендер қошемет естіді. Әкімдік есебі бойынша, көшелерді өзгертуге кететін шығын 3 млн теңгенің маңында екен. Оны кім төлейді? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Волочаевская, Кувская, Кривогуз. Қарағандыдағы атауы өзгеретін көшелер бұл. Тағы бірнешесі идеологиялық тұрғыдан ескіргендіктен, Ономастикалық комиссия қоғамдық тыңдау өткізуді ұйғарды. Нәтижесінде қызығушылық білдірген қарағандылық қараша қаладағы Достық үйіне жиналды. Шамамен мың адам келген. Бірі қолына ту ұстап отырғанын да көріп қалдық.

БЕЙБІТ КҮЛМАҒАМБЕТ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
«Бұлар идеология жағынан ескірген. Бізді ескі тоталитарлық жүйемен байланыстыратын санамзда, жастардың санасында жақсы бір тәрбие жұмысын жүргізбейтін үлгілер. Бұлардың барлығы уақытында өзгеруі керек. Бірақ қазір де біз осы мәселеге байланысты өзіміздің ойымызды айтамыз».

Жиыны 10 көшенің атын өзгерту ұсынылды. Алғы сөз оқылып жатқанда зал тым-тырыс, баяндамашыны тыңдап отырған еді. Орталық көшелердің бірі Лениннің орнына Абай есімі беріледі дегенде жұрт бір сілкінді.

«Абайдың есімі Ленин көшесіне беру ұсынылады».

Сұрақ-жауап, талқылауға келгенде тосылып қалған адам аз еді. Зал іші құжынап, қызу пікірталас өрбіді.

Күн көсемнің атауын алмайық дегенге қарсы шыққандардың нөпірі қатты екені байқалды. Көше аты тұрмақ, мүсінін құртайық дегенге дейін жетті.

Атау тегін өзгермейді ғой. Ақшасын кімнен сұраймыз деген сауал да шу арасынан қойылып қалды.

ИВАН СТРИЖАКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
«Мен көшелердің атауын өзгертуге қарсы емеспін. Бірақ осыған қатысты кететін шығынды ономастикалық комиссия өз мойнына ала ма? Осы сұраққа жауап берсеңіздер».

Әкімдіктегілер бірден сабырға шақыруға асықты. Тәртіп бойынша қалай болатынын түсіндіруге тырысты.

БАЯН НҰРТАЕВА, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
«Мемлекеттік органдардың шешімімен елді мекен не болмаса көше атауы өзгеріп жататын болса, тіркеу мәліметтерін ауыстыру мүлік иесіне жүктелмейді. Барлық шығынды мемлекет өз мойнына алады».

Он көшенің атауын өзгертуге байланысты шығындар шамамен есептеліп қойған. 3 млн теңгеге жетер-жетпес. Ол қаржыны жол жөндеуге не басқа қажеттілікке жұмсау керек еді,- деген көзқарас та айтылды. Қажет болса, шығынды өз мойныма аламын,- деп жергілікті кәсіпкерлердің бірі шықты. Нәтижесінде комиссия ұсынған атаулар қолдау тауып, жақын арада Қарағанды картасына өзгерістер енгізілетін секілді.

Первый канал Евразия

Комментарий (0)
Добавить комментарий